Egov қызметіне жүгінген азаматтардың құқықтарын қорғайтын бот пайда болды
Бұл туралы мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті хабарлады
Электронды үкімет порталында қызмет алған азаматтардың құқықтарын қорғайтын «EgovKzBot2.0» Telegram бот-платформасы пайда болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментіне сілтеме жасай отырып.
«Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметінің басты мақсаты – мемлекеттік қызметтерді алған халықты қызмет сапасына қанағаттандыру. Өз кезегінде Департамент осы бағыттағы жұмысында қызмет алушылардың құқықтарын қорғау және қалпына келтіруге ерекше назар аударады», - деп жазған департаменттің баспасөз қызметі.
Осылайша, дереккөзге сүйенсек, мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің аумақтық департаменттері барлық өңірлерде мемлекеттік қызметтерді алу саласындағы мәселелерді жедел шешуге және қызмет алушылардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеуге бағытталған Telegram чатты іске қосқан.
«Ол үшін Халыққа қызмет көрсету орталықтарында Telegram парақшасына қарай бағыттайтын арнайы QR-кодтар ілінген. Аталған арна арқылы азаматтар қандай да бір қызмет алу кезінде туындаған мәселелер бойынша шағымдана алады. Заң бұзу фактілер анықталған жағдайда, Департамент қызметкерлері оларды жою жөнінде дереу шаралар қабылдайды», - деп хабарлаған департаменттің баспасөз қызметі.
Осылайша, қызмет алушылардың құқықтарын қорғау аясында Департамент мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылап отырмақ.