Бөкей ордасында батырларды еске алуға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті
Іс-шара соғыс және еңбек ардагері Меңдәлиевтің 110 жылдығы, Егізбаев, Насимуллин, Ғайсин, Құсайыновтың 100 жылдығына арналған

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданының дамуы мен өркендеуіне үлес қосқан батырларды еске алу үшін аймақта ауқымды ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy аймақ әкімдігіне сілтеме жасай отырып.
Шара аудан әкімі Нұрлыбек Даумовтың құттықтау сөзімен басталды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков тізгінін ұстаған бұл шарада Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Үздік өлкетанушы» төсбелгісінің иегері, Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлімі, М.Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі Ахмедияр Батырханов, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Нұрлан Сәдір, Жалпақтал архивінің директоры Миржан Қарабалин, аудандық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, өлкетанушы Жұбан Гумаров, Хан ордасы тарихи–мәдени, архитектуралық-этнографиялық музей-қорығының ғылыми хатшысы Назымгүл Оразгелдиева, А.Құсайынов атындағы мектептің тарих пәнінің мұғалімі Айбек Бисеналиевтер мерейтой иелерінің өмірбаяны, ерлік пен еңбек жолы туралы баяндама жасады.
Дереккөз жазғандай, аудандық мемлекеттік мұрағаттар бөлімінің басшысы Қуаныш Елемесов конференцияның қарарымен таныстырды. Конференцияға облыс орталығы мен көршілес аудандардан арнайы келген Жәнібек ауданы әкімінің орынбасары Мирболат Бисенов, Казталов ауданы әкімінің орынбасары Серік Қайрлиевтер де Бөкей ордасының қуанышына ортақтасып, тілектерін білдірді.
Ауданның «Құрметті азаматы» Нұрлыбек Бірманов құттықтау хатын жолдай отырып, шараның маңыздылығын атап өтті.
«Ауданымыздың дамуына сүбелі үлестерін қосқан тұлғаларға арнап осындай шара өткізіп отырғандарыңыз мақтанарлық жағдай. Мұндай шаралар елдің еңсесін көтереді, жастарды тәрбиелеуде өзіндік үлесін қосады, сол ағалар-аталарымыздай боламыз деген ниеттерін ынталандырады», - деді Нұрлыбек Бірманов.