«Борышымызды абыроймен атқарамыз»: әскердегі егіз сарбаздың патриоттығы
Олар Отан алдындағы борышын Атырауда өтеп жүр
Егіз жігіттер Отан алдындағы борышын өтеуге Тараз қаласынан Атырау қаласындағы 5546 әскери бөліміне келген. Ұлттық ұлан сапында жауынгер атанғандарына 3 ай болған. Қызметтің қыр сырына машықтанып, үлгілі де үздік сарбаз атанған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Әскерге бару - абырой демекші ер жеткен әр азамат Отан алдындағы асыл парызын өтеуі қажет. Ант қабылдап, ел мен жердің тыныштығын күзетіп, сол антына адал болуы керек. Сондай-ақ бұл әр ер жігіттің алға қойған мақсаты болуы тиіс деп санаймын. Сол себепті мақсатыма жету жолында Отан алдындағы борышымды өтеу үшін әскерге келдім. Бүгін де небір батырларды дүниеге әкелген, Жайықтың жағасындағы мұнайлы өлке Атырау қаласында әскери борышымды өтеп жатырмын», - деді Берік жауынгер атанғанын мақтан тұтып.
Оның егізі Серік те әскери борышын өтеудегі қызықты сәттерімен бөлісті.
«Біздің басты қызметіміз қоғамдық тәртіпті сақтау, ішкі тыныштықты күзету болғандықтан тұрғындармен етене жақын байланыста боламыз. Сол күнделікті қызмет барысында байқағаным, атыраулықтар қонақжай әрі өте қарапайым. Талай атақты тұлғалар табан тіреген, атақты жазушылар қалам тербеген, небір батыр ұландар дүниеге келген қала. Алдағы уақытта әскери борышымызды абыроймен атқарып шыққан соң Атырау шаһарына сөзсіз қайтып келеміз», - дейді Серік.
Керімұлы Берік пен Серік Тараз қаласының тумалары. Отбасында 4 ағайынды. Әскерге дейін теміржол жөндеуші мамандығында оқыған. Әскерден кейін жоғары оқу орнына түсіп, білім алуды жалғастырғылары келеді. Басты мақсаттары еліміздің дамуына өз үлестерін қосу.
Ұлттық ұлан әскерінің атқаратын ең бір жауапкешілігі мол қызметтің бірі осы қоғамдық тәртіпті сақтау қызметі. Қызмет қаланың қоғамдық орындарында жүргізіледі. Әбден дайындалған, заң мен жарғыларды жаттаған сарбаздар топтарға бөлініп, қоғамдық орындардағы тәртіп бұзушылықтың алдын-алумен айналысады. Ұрлық пен қарақшылыққа, ұсақ бұзақылықтарға тосқау болып, тұрғындардың қоғамдық орындарда емін-еркін демалуын, жүріп-тұруын қамтамасыз етеді.
Тәртіп сақшыларымен бірлесіп заң бұзушылық жасаған азаматтарды ұстап, шаралар қолданады. Басқа да кез келген оқыс оқиғалар болған жағдайда оқиға орнынан табылып, алғашқы көмек көрсетеді. Сондай-ақ, ізкесуші қызметтік иттердің арқасында жоғалған немесе ұрланған заттарды табуға, тыйым салынған заттарды анықтауға да өз үлестерін қосады.
Қызметке дайындық сыртқы түрін, киім-кешегін қалыпқа келтіруден басталады. Сарбаздар арнайы қызметке киетін киімдерін тазалап, үтіктейді. Одан соң арнайы құралдарын алып, олардыңда сыртқы қалпын жөнге келтіреді. Себебі қоғамдық орында жүрген сарбаздар әскеріміздің сыртқы бейнесі болып табылады. Кейде тұрғындар сарбаздардың сыртқы бейнесіне қарап, әскерге баға беріп жатады. Сондықтан сыртқы түрді қалыпқа келтіру, оның әдемі тұруы өте маңызды. Одан соң сарбаздар- мен нұсқаулықтар жүргізіледі, тәрбие сағаттары өтеді. Аталған шаралар барысында сарбаздарға олардың міндеттері қайталанып түсіндіріледі. Сондай-ақ келеңсіз жағдайларға тап болғанда олардың шешу жолдары, өз-өздерін қалай ұстау керектігі үйретіледі. Сарбаздардың қызмет алдындағы көңіл-күйлері зерделенеді.