Ақтөбеде жол апатынан көз жұмған бес адамның өліміне кінәлі жүргізуші бес жылға сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Айыпталушы өз кінәсін мойындады

Видеодан алынған кадр

Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты көлік құралын басқарған адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда бес адамның өліміне себеп болғаны үшін айыпталушыға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2024 жылдың 26 тамызында сағат 18:40 шамасында айыпталушы Қ. «Volkswagen Polo» автокөлігін «Самара-Шымкент» тас жолы бойымен басқарып келе жатып, жол жүрісі қағидаларын өрескел бұзып, қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен. Нәтижесінде, қарсы бағытта келе жатқан «Mercedes Bens Actros» автокөлігімен соқтығысып, «Volkswagen Polo» көлігінің бес жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Сотта Қ.-ның кінәсі айыпталушының және куәгерлердің жауаптары, оқиға орнын тексеру хаттамасы, сараптама қорытындылары және басқа заттай дәлелдемелер арқылы дәлелденді.

Сотта Қ. өз кінәсін толық мойындады.

Прокурор соттан Қ.-ны 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

«Сот Қ.-ның өкінуін, бұрын сотталмағанын және жәбірленушілердің кешірім бергенін ескеріп, оны 7 жылға көлік басқару құқығынан айырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады», - делінген хабарламада.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.