Депутат Қызылорда облысындағы ауыл халқының проблемаларын көтерді
Ол үкіметтен аталған мәселелерді жан-жақты зерттеуді сұрап отыр

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында Қызылорда облысындағы елді мекендердің мәселелерін қарастыруды сұрады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның айтуынша, Қызылорда облысы халқының 60 пайызға жуығы ауылдық елді мекендерде тұрады және ауыл шаруашылығымен айналысады, сол себептен халықтың тұрмыс жағдайы сумен тікелей байланысты. Сондай-ақ, өңірдің әлеуметтік- кономикалық дамуы Сырдария өзені бассейнінің кепілді сумен қамтамасыз етілуі мен суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайына тікелей байланысты.
«Осы ретте, облыс аумағындағы елді мекендердің аяқсумен қамтамасыз етілуін және экологиялық жағдайын жақсарту үшін 2023 жылы «Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округіндегі «Аққыр» каналын қазу құрылысы жобасы әзірленіп, 2024 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылауға бюджеттік өтінім ұсынылады. Жобаның жалпы құны – 560 млн теңгені құрайды. Жоба жүзеге асқан жағдайда Аққыр ауылдық округіндегі аяқ су мәселесі толығымен шешімін тауып, 500 гектар суармалы жерге бау-бақша дақылдарын егуге, мал жайылымдық және шабындық жерлерді суаруға қол жеткізіліп, халықтың тұрмыс жағдайының жақсаруы күтілуде. Сондықтан «Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Аққыр ауылдық округіндегі «Аққыр» каналын қазу құрылысына» 539 млн теңге қаржы қажет», - дейді ол.
Екінші мәселе – өңірдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылуы. Осы орайда Ергешбаев премьер-министр Олжас Бектенов ауылдарды дамыту мақсатында әкімдіктерге ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту үшін мектептер, ауруханалар және суға қол жеткізуге тапсырма бергенін еске салды.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 7 нысанның құрылысын жүргізуге 2024 жылы республикалық бюджеттен барлығы 361 719 мың теңге бөлінген. Бүгінгі күні жобалардың құрылысына қаралған қаржы толық игерілген және құрылыс салушы мекемелер есебінен құрылыс-монтаждау жұмыстары 70-90% аралығында орындалған. Жобалардың құрылысын аяқтауға –1 418 792 мың теңге қажет», - дейді мәжілісмен.
Осыған байланысты депутат вице-премьерден Қызылорда облысында кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығымен айналысудың қолайсыздығын ескере отырып, көтеріп отырған мәселелерді жан-жақты зерттеуді сұрады.