$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
30.09.2024, 14:44
Қоғам

Балалар шығармашылығын дамыту бағытында қандай жұмыс атқарылды

Бұл бағытта бірнеше шет елдермен келісім жасалған

Балалар шығармашылығын дамыту бағытында қандай жұмыс атқарылды
Фото: istockphoto.com

Елімізде өскелең ұрпақтың шығармашылық дамуы жолында үлкен шаруалар атқарылып жатыр. Мәселен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстанның түрлі өңірлерінде балаларға арналған театрлар ашылып, қолданысқа беріліп жатса, телеарналарда түрлі мультфильмдер бүлдіршіндерге жол тартты. Жауапты министрлік ел ішімен шектеліп қалмай, халықаралық деңгейде де үлкен шаруаларға мұрындық болып жатыр. Azattyq Rýhy балалар шығармашылығын дамыту жолында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті.

Аида Балаева жетекшілік ететін Мәдениет және ақпарат министрлігі балалар шығармашылығын дамыту жолында бірқатар мемлекетпен мәдени қарым-қатынасты нығайтты. Мәселен, былтыр Мәдениет және ақпарат министрі халықаралық мәдени форумға қатысу үшін Ресейдің Санкт-Петербург қаласына іссапармен барған. Осы сапарында ведомство басшысы Ресейдің мәдениет министрімен кездесіп, мәдени саладағы қарым-қатынастарын талқылаған болатын.

Бұл кездесуде екі елдің министрлері Қазақстан-Ресейдің балалар шығармашылығын дамыту, жастарға арналған орталықтар, сол сияқты мұражайлар ашу, кітапхана ісі, шығармашылық индустрия саласында тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін талқылады.

Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігі Әзербайжан елінің мәдениет ведомствосымен ерекше қарым-қатынас орнатты. Айта кетейік, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевтің 2023 жылдың күзінде Қазақстанға жасаған ресми сапары аясында екі ел арасындағы қарым-қатынастарды нығайту үшін өзара мәдениет күндерін өткізу туралы келісім жасалған болатын.

Сонымен, бауырлас елде өткен Қазақстанның мәдени күндері іс-шараларына Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева арнайы қатысқан. Ведомство басшысы Әзербайжанға жасаған сапарында бірқатар кездесу өткізіп, келісімдер жасаған. Министр бұл кездесулерде Әзербайжанмен мәдениетаралық ынтымақтастықтың болашағын талқылады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі мен Әзербайжан Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің басшысы Хикмет Гаджиевтің кездесуінде балалар шығармашылығы мәселесі қозғалды.

Аида Балаева өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанмен қарым-қатынасты ары қарай да дамытуға ерекше көңіл бөлетінін, оның бұл сөзіне екі мемлекет басшыларының өзара жиі жасалатын сапарлары дәлел екенін айрықша атап өтті.

«Серіктестік қазіргі уақытта барлық сала бойынша жоғары деңгейде дамып келеді. Бұл ең алдымен тілдің, діннің, сол сияқты әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің ұқсастығына негізделген ортақ құнды мәдени мұраға, туыстық қарым-қатынастарға байланысты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Физули қаласында салынып жатқан Құрманғазы атындағы балалар шығармашылығы орталығының құрылысы қазір аяқталуға жақындап қалды. Бұл Әзербайжан халқына жасалған достық пен өзара қолдауды білдіретін сыйлық болмақ. Жаңа нысан екі елдің бауырластық қарым-қатынасының белгісіне айналатынына зор сенімдемін», - деген еді Аида Балаева сол жолғы кездесуінде.

Қазақстанның Әзербайжандағы мәдени күндері аясында өткен кездесуде Хикмет Гаджиев балаларға арналған кино, мультфильм ерекше қызықтыратынын айтып өтті.

«Әзербайжан Орталық Азия елдеріне үлкен әрі жаңа мүмкіндіктер беретініне сенімдімін. Қазақстанның кинематография саласындағы аяқалысы бізге ерекше қызық. Балаларға арналған мультфильмдер қарқынды дамып келеді, әсіресе тарихпен және мифологиямен байланысы тұрғысында ерекше», - деген еді Әзербайжан Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат бөлімінің басшысы Хикмет Гаджиев.

Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева аталмыш бағытта қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.

Кездесу соңында қос тарап Әзербайжанның кабельдік желілерімен отандық  «Balapan», «Хабар 24», «Qazaqstan» телеарналарын көрсету, ал Қазақстанда Әзербайжанның CBC TV телеарнасын көрсету мәселелерін талқылаған болатын.

Бұдан бөлек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қанатының кеңге жаюына себеп болған бастамалардың бірі - Әзербайжан жерінде, нақтырақ айтқанда Физули қаласында Құрманғазы атындағы балаларға арналған шығармашылық орталықтың ашылуына мұрындық болуы. Ал сол орталыққа қазақтың әйгілі күйшісі Құрманғазы Сағырбайұлының есімі берілді.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, Әзербайжан мемлекеті ұзақ уақытқа созылған жер дауынан кейін бірер жыл бұрын ғана тарихи Қарабақ жерін өз қарамағына қайтарған болатын. Қазіргі уақытта аталмыш өңірді дамыту жұмысын қарқынды түрде жүргізіп жатыр. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы Әзербайжанға жасаған ресми сапарында Қазақстан дәл осы Қарабақ жеріне балаларға арналған шығармашылық орталық салатыны туралы хабарланған. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Әзербайжанға жасаған сапарында осы жайтты ерекше айтып өткен болатын.

Ал Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Қасым-Жомарт Тоқаевқа шексіз алғысын білдіріп, аталмыш орталық бой көтеретін Физули қаласының балалары үшін әлемдік деңгейдегі шығармашылық орын болатынына сенімділік білдірген.

Арада көп ұзамай, өткен 2023 жылдың басында Әзербайжан мемлекетінің тарихи шаһарларының бірі – Физули қаласында балаларға арналған шығармашылық орталықтың іргесі құйылған болатын. Осы іс-шараға Әзербайжан мемлекетінің лауазымды қызметкерлері мен шығармашылық орталықтың құрылысын жүргізетін отандық компанияның өкілдері қатысқан. Әзербайжан тарапы Қазақстанның білім нысанын салу туралы ұсынысын қуана қабылдаған соң Физули қаласының орталығынан орын берді. Құрылыс жұмыстарының жүргізілуіне қажетті жағдайларды толығымен көрсетті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сол жолы Әзербайжанға ресми сапармен баруы нәтижесінде екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа тарауы ашылғандай әсер қалдырды.

Осы кездесуден кейін арада жарты жылдай уақыт өткен соң Бакудегі келісім жасалған шаруалар бастау алып, қарқынды түрде жүзеге аса бастады. Сонымен, Физули жерінде бой көтеретін орталықтың іргетасын қалау рәсіміне Әзербайжан президентінің арнайы өкілі Эмин Гусейнов, Қазақстанның Әзербайжандағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Жандос Нұрмахамбетов, құрылыс жүргізетін қазақстандық компанияның басшысы Айдын Рахымбаев қатысты. Сол сияқты орталықтың іргетасын қалау салтанатына жергілікті қосалқы мердігерлік ұйымдар мен мемлекеттік органдардың мамандары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жиналды.

Айдын Рахымбаев жиында сөйлеген сөзінде жоғарыда айтқанымыздай, жаңа орталық Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде салынатынын әрі екі ел арасындағы достық пен бауырластық қарым-қатынасын арттырып, Әзербайжан еліне сыйлық болатынын айрықша атап өтті.

«Мұндай тарихи шаруаның бізге жүктеліп, оны орындау үлкен мәртебе болмақ. Жаңа орталықтың өте сапалы салынуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз деп уәде беремін. Нысанның құрылысына заманға сай, соңғы үлгідегі материалдар қолданылып, тиісті деңгейде жабдықталады. Бұл жерде білімге құштар өскелең ұрпаққа қажетті жағдайдың бәрі қарастырылған. Жаңа нысан көп ұзамай ашылып, қолданысқа берілсе, балалардың қатты қуанатыны анық», - деген еді құрылыс компаниясының басшысы.

Аталмыш құрылыс компаниясының дерегіне жүгінсек, балаларға арналған шығармашылық орталықтың құрылысына холдингтің бүгінге дейін жинаған тәжірибесі мен ең озық технологиялары қолданылды.

Шығармашылық орталықтың іргесін қалау салтанатына қатысқан Әзербайжан Президентінің арнайы өкілі Эмин Гусейнов өз сөзінде Физули жері Қарабақтың әуе қақпасы екенін ерекше қозғап өтті. Қазіргі уақытта бұл қалада халықаралық деңгейдегі алғашқы әуежай жұмыс істеп тұр.

«Физули қаласы – келешекте Зангезур дәлізі арқылы өтетін көлік және логистикалық орталықтардың маңызды бөлігі болатыны анық. Бұл жерде жүйелі түрде дамып, алға жылжуға күш беретін экономикалық өзгерістер болады. Өскелең ұрпақтың дамуына барынша жағдай жасалады. Ал жастардың дамуы мектептер мен осындай орталықтардан басталатыны белгілі. Міне осы себепті де бұл қаланың орны ерекше. Бауырлас қазақ халқының Әзербайжан еліне жасап отырған сыйының дәл осы жерде, яғни қаланың орталығындағы «Жеңіс жолының» бойынан орын табуында да ерекше мән-мағына бар», - деді Әзербайжан Президентінің арнайы өкілі орталықтың іргетасын құю салтанатында сөйлеген сөзінде.

Белгілі болғандай, Құрманғазы Сағырбайұлының атына берілген екі қабатты орталықтың жалпы ауданы 3100 шаршы метрді құрайды. Жаңа нысан күніне 600-дей адамды қабылдауға қабілетті. Шығармашылық орталықта вокал және музыкалық аспаптар, робототехника, 3D модельдеу, веб-дизайн, фото және видео түсіру бойынша арнайы кабинеттер қарастырылған. Сол сияқты орталықта қолөнер, әсіресе кілем тоқу, қыш ыдыстар дайындау үйірмелерін де, әртүрлі спорт және хореография дәрістерін өткізуге арналған орындар ескерілген.

«Болашақта Қарабақ қайтадан гүлденген, дамыған өңірге айналады деп сенеміз. Бұл ғимарат елдер арасындағы бауырластық байланыстың символына айналары сөзсіз. Өз кезегінде Қазақстан игілігі мол іске үлес қосуға қашанда дайын», - деп Қазақстанның Әзербайжан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісінің кеңесшісі Жандос Нұрмахамбетов пікір білдірді.

Физули жерінде салынатын білім ордасына қазақ халқының әйгілі дәулескер күйшісі, композитор Құрманғазы Сағырбайұылының есімін беруде де үлкен ой жатыр. Қанша дегенмен, халқымыздың ұлы күйшісі – Құрманғазының қалдырған шығармалары бүкіл түркі әлемінің құндылығына айналған.

Арада бірнеше ай уақыт өткен соң Физули жерінде балаларға арналған шығармашылық орталық бой көтеріп, қолданысқа беруге дайын болды. Биыл наурыз айында өткен ресми түрде ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев орталықтың лентасын қиып, есігін айқара ашқан болатын. Сөз басында айтқанымыздай, бұл бауырлас елге жасалған гуманитарлық көмектің бір түрі болды.

Орталықтың ресми ашылуында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Әзербайжан халқына арнаған тартуы екі елдің жан-жақты қарым-қатынасын нығайтуда, оның ішінде мәдени байланысына, балалар шығармашылығына оң әсер ететінін айрықша айтып өтті. Сонымен қатар, әзербайжан халқына бақ-береке тілеп, тарихи мекеннің қарыштап дамитынына сенімділік білдірді.

Қазақстанның осындай тартуына президент Ильхам Әлиев ерекше алғыс білдірді.

«Бауыр ретінде осындай керемет сый жасағаныңыз үшін Сізге алғыс айтқым келеді. Азат етілген жерлерде Балалар шығармашылығы орталығын салу Сіздің бастамаңыз еді. Осыдан бір жарым жыл бұрын Әзербайжанға келген кезіңізде, аталған орталықтың жобасы таныстырылған болатын. Ол бір жыл ішінде салынды және бүгін ресми түрде ашылып отыр. Орталық қазақ халқының ұлы перзенті Құрманғазының есімімен аталды. Кеше айтқанымыздай, бұл тек балалардың шығармашылығын шыңдап қана қоймай, Қазақстан мен Әзербайжанның достығы мен бауырластығын айшықтайтын орталық болады. Біз бұл тартуға шын жүректен ризашылығымызды білдіреміз. Әзербайжан халқы мұны ешқашан ұмытпайды», – деп Ильхам Әлиев алғысын білдірді.

Дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының күйлері түркі әлемінің ортақ асыл қазынасына айналғандықтан, бұл орталыққа ұлы тұлғаның есімін беру шешімі қабылданған. Бұл пікірді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде қозғап өтті.

«Шын мәнінде, Құрманғазы – қазақ музыкасының алыбы. Тіпті түркі мәдениетінің ажырамас бөлігі деп айтуға болады. Қазақтың күй өнерін Құрманғазысыз елестету мүмкін емес. Оның туындылары өте тегеурінді әрі заманмен бірге жасай береді. Сондықтан оның әйгілі «Сарыарқа» күйін халық әлі күнге дейін тебірене тыңдайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев ашылу салтанатында.

Орталықтың ашылуында екі елдің президенттері ғимараттың кабинеттерін, сыныптарын, сол сияқты шығармашылық бөлмелер мен залдарын аралап, көріп шықты. Құрманғазы атындағы білім нысанының жобалау жұмысы үш айда әзірленіп, 9 айда құрылысы бітті.

Бұған қоса Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шығармашылық орталыққа Құрманғазы Сағырбайұлының домбырасының көшірмесін, сондай-ақ тәрбиеленушілерді жеткізуге арнарған арнайы автобусты сыйға тартты.

Құрманғазы атындағы балаларға арналған шығармашылық орталықтың ашылғанына бүгінде жеті айдың жүзі болып қалды. Бүгінге дейін түрлі іс-шаралар көзделген «Физули жазғы мектебі», сол сияқты жазғы лагерь ұйымдастырылды. Ал қазіргі уақытта 2024-2025 оқу жылында оқушыларды қабылдап, білім беру жұмысын бастап кетті.

«Бұл орталық оккупациядан босатылған аумақтарда көркемдік білім беру басталған алғашқы оқу орны ретінде ерекше маңызға ие. Бакуден және басқа аймақтардан туған жерлеріне көшіп келген Физули тұрғындарының балаларына арналған «Ұлы оралу» бағдарламасы аясында жаңа оқу жылында фортепиано, канун, аккордеоне, таре, скрипка аспаптарында ойнауды үйрету және би жаттығулары өткізіледі. Оқуға әзірге бас-аяғы 24 оқушы тартылды.

Орталықта бес тәжірибелі маман оқушыларға өнердің қыр-сырын үйретеді. Олар: Фамиль Мамедли (аккордеон), Сама Танрывердиева (таре), Айсу Годжазаде (бейнелеу өнері (кескіндеме) сабақтары), Нигяр Абдуллазаде (фортепиано) және Али Хазизаде (халық ән өнері).

Физулидегі балалар шығармашылығы орталығы балалар мен жасөспірімдердің шығармашылық қабілеттерін ашуға және олардың өнер саласында білім алуына қолайлы жағдай жасайды. Алдағы уақытта Физулиге өзге де тұрғындар оралғаннан кейін оқушылар саны артады», - делінген Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің жуырда таратқан ресми хабарламасында.

Айта кетейік, жоғарыда айтылғандай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің мұрындық болуымен атқарылып жатқан іс-шаралар мәдени саланың, оның ішінде балалар шығармашылығының да дамуына үлкен күш беретіні анық.

Серіктес жаңалықтары