Қомақты сома жымқырған спорт саласындағы қызметкерлер сотталды
Өңірлердегі бұрынғы басшылар жазаланды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бегайдаров спорт саласындағы жемқорлық жайлы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Биылғы жылдың басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 1,3 млрд теңге шығынмен 59 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді. Арнайы жаттығу секцияларын қосарланған э қаржыландырудың, жалған оқу-жаттығу жиындарына және жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқырудыңқылмыстық схемалары ашылды»,- дейді Бегайдаров.
Туризм және спорт министрлігінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорына, оның орынбасарына және басқа адамдарға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталған.
«Олар «Artsport» бағдарламасымен балаларды оқыту бойынша қызметтер көрсету шеңберінде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелді. «Азия ойындары-2023» спортшыларының жабдықтарын алуға бюджеттік ақшаны иелену деректері белгілі болды. Көрсетілген фактілер бойынша келтірілген залалдың жалпы сомасы 746 млн теңгені құрады»,- деді ол.
Сондай-ақ Атырау облысында облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына қатысты қылмыстық іс аяқталған.
«Ол спортшылардың оқу-жаттығу жиындарына шығуын ұйымдастыруғабюджет қаражатын бөлгені үшін олимпиадалық резервті даярлау ведомстволық бағынысты орталығының жаттықтырушысынан 1,7 млн теңге сомасында пара алды деп айыпталды.Тергеу оның мемлекетке үлкен зиян келтіруге әкеп соққан өзге де қылмыстарға қатысы бар екенін анықтады. Аталған қылмыстық істер бойынша күдіктілер мен олардың қорғаушылары сотқа дейінгі тергеп-тексеру материалдарымен танысып жатыр»,- дейді ол.
Шығыс Қазақстан облысында өңірлік спорт басқармасының қызметкері мен ведомстволық бағынысты ұйымның басшылығы жалған оқу-жаттығу жиындарына бөлінген 80 млн теңгені жымқыру бойынша әшкереленді. Тергеу жалғасуда.
Алматы қаласы Медеу ауданының сотымен Спорт басқармасының Экономика және қаржы бөлімінің басшысы А. Байгонова және қалалық Олимпиадалық резервті даярлау орталығының бухгалтерлері Г. Интролигатор және Г. Дюсенова сотталды.
Олар 171 млн теңгеден астам сомада бюджет қаражатын жымқырған.