Астанада есірткі сататындар ашқан 118 чат пен интернет-арна бұғатталды
Есірткіні насихаттап сурет салған бір адам түрмеге қамалды
Астана қаласында заңсыз айналымнан 578 келі есірткі тәркіленіп, үш зертхананың жұмысы тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қалалық прокуратураның ақпаратынша, жыл басынан бері Астанада есірткінің заңсыз айналымына қатысты 987 қылмыс тіркелген, оның 249-ы есірткіні сатумен байланысты.
«Заңсыз айналымнан 578 келі есірткі тәркіленіп, жойылды, соның ішінде мефедрон – 254 келі, каннабис – 224 келі, гашиш – 80 келі, кокаин – 48 гр. Прокуратураның үйлестіруі негізінде құқық қорғау органдары 3 есірткі зертханасын анықтады. Тыйым салынған заттарды сату бойынша жұмыс істейтін 118 чат пен интернет-арналар бұғатталды», - деп мәлімдеді ведомство.
Бұдан бөлек, граффити арқылы есірткіні жарнамалаудың көптеген фактісі тіркелген. Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы (есірткі, психотроптық заттарды немесе сол тектестерді, прекурсорларды насихаттау немесе заңсыз жарнамалау) бойынша 14 сотқа дейінгі тергеу басталды. Бір адам сотталған.