Қаз-қалпында: Мақтааралдағы 500 үйдің құрылысы қалай жүріп жатыр?
Президент күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынатынына уәде берді
Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысында Мақтааралдағы су тасқыны жайлы сөз етіп, күзге дейін қираған үйлердің орнына жаңа тұрғын үйлер салынатынын айтты.
«Зардап шеккен ауылдардың әрбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды. Оларға жәрдем береміз», - деді Президент.
Қазір су басқан аймақтың орнынан жаңадан ықшамаудан салу жұмыстары басталып кетті. Жақында іргетасы қаланған жаңа ықшамауданның құрылысы тәулік бойы жүруде. Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, құрылыс алаңына 600-ге жуық жұмысшы тартылған. Жұмысқа тартылғандардың жартысынан астамы Жетісай мен Мақтаарал ауданының тұрғындары.