Сарапшы: референдум –  азаматтардың саяси белсенділігін арттырудың оңтайлы тәсілі

Автор: Нұргүл Абай

6 қазанда елімізде АЭС құрылысы туралы референдум өтті

Фото: freepik.com

Әлеуметтанушы, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы Темірлан Төлеу атом электр стансасын салу мәселесі жөніндегі республикалық референдум жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Темірлан Төлеу 6 қазан күні референдум учаскесіне барып, азаматтық позициясын білдірген.

«Жалпы бұл тәуелсіз Қазақстандағы төртінші референдум, яғни бұған дейінгі үш референдум көбінде Конституция немесе президентке байланысты болған. Ал бұл Қазақстан тарихында экономикалық өндірістік сұрақ қойылған бірінші референдум болды. Әлеуметтанушы ретінде айтарым, референдум –  саяси институт ретінде ел тұрғындарының саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін арттырудың оңтайлы әдістерінің бірі», - дейді сарапшы.

Оның айтуынша, халық санының өсуімен ресурстар мәселесінің туындауы заңдылық. Энергетикалық және шикізаттық қауіпсіздік – мемлекеттің шекарасы, заңдары және ұлттық валютасымен қатар тәуелсіздіктің маңызды құрамдас бөліктері.

Естеріңізге салайық, 6 қазанда елімізде АЭС құрылысы жөнінде республикалық референдум өтті.  Орталық референдум комиссиясының қорытындысы бойынша дауыс берген қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС-ті қолдаған.

Ал бүгін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр елімізде АЭС салатын халықаралық консорциумға қай елдер кіретіні келесі жылы белгілі болатынын мәлімдеді.