Тарихи оқиға деуге болады – филармонияда референдум қорытындысы талқыланды
Дауыс бергендердің 71 пайыздан астамы АЭС-ті қолдап отыр

Астанада Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның еңбек ұжымы республикалық референдумның қорытындысын талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Филармонияның бас директоры, мәслихат депутаты Ерлан Дәкенов АЭС жөніндегі референдумды тарихи оқиға деп атады.
«Біз кеше үлкен саяси науқан өткіздік. Мұны тарихи оқиға деуге болады. Мекемеміз үлкен болғандықтан, бір емес екі учаске ашылды. Таңғы жетіден осында жүрдік. Халықтың көңіл күйі жақсы болды, кеше ауа райының өзі халыққа осындай көңіл күй беріп тұрды. Әркім өз еркімен дауыс беруге келіп, азаматтық борышын орындады. Әркім өз таңдауын жасады, себебі бұл еліміздің болашағы», - дейді ол.
Оның айтуынша, кеше филармонияның жоқ дегенде 850 қызметкері дауыс берген. Олардың арасында танымал әншілер, әртістер, әкімшілік мамандары бар.
Дәкеновтің пікірінше, халықтың АЭС құрылысын қолдап дауыс бергені - түсіндіру жұмыстарының нәтижесі.
«Біз үлкен түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Әлемде АЭС алғаш рет салынғалы жатқан жоқ қой. Халықтың көп нәрсені түсінгені, білгені түсіндірмелі жұмыстардың арқасында деуге болады. Сондықтан болашақта АЭС салынуы тиіс деп өз пікірлерін білдірген», - дейді филармонияның бас директоры.
Ал «AMANAT» партиясы Сарыарқа аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ардан Аралбай АЭС салу туралы шешім қазақстандықтардың ортақ күш-жігерінің арқасында қабылданғанын атап өтті.
«Халық соңында бәріміз де тұрақты электр энергиясын алатынымызды біледі. Ал тұрақтылық табысқа апаратын жол. Үкімет референдум арқылы мемлекетіміздің болашақта қандай болатынын таңдау құқығын бізге беріп отыр. Қазақстанның Ата заңына сәйкес, әрбір азамат мемлекет істерін басқару мәселелеріне қатысуға құқылы. Біз «халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясының жақсы жұмыс істейтініне көз жеткізіп отырмыз. Халық өз өміріне әсер ететін мәселелерді шешуге мүдделі. Сайлаушылардың алпыс пайыздан астамының референдумға қатысуы, міне, соның айғағы», - дейді ол.
Ардан Аралбай референдум учаскелеріне жастардың көптеп келгенін ерекше атап өтті.
«Жастар ел басшылығы олардың пікіріне құлақ асатынын, олардың шешімі бүкіл халықтың болашағына ықпал ететінін түсінеді», - дейді атқарушы хатшы.
Естеріңізге салайық, 6 қазанда елімізде АЭС құрылысы жөнінде республикалық референдум өтті. Орталық референдум комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша дауыс берген қазақстандықтардың 71,12 пайызы АЭС-ті қолдаған.