Референдум: шет елдерде 7 мыңнан астам қазақстандық дауыс берді

Алпыс учаскеде дауыс беру жалғасып жатыр

Референдум: шет елдерде 7 мыңнан астам қазақстандық дауыс берді
Фото: gov.kz

Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко шет елдерде ашылған референдум учаскелеріндегі жағдай туралы ақпарат берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Сағат 19.00-дегі жағдай бойынша шетелде 13 учаскенің жұмысы аяқталды. Қазақстанның 7358 азаматы (59,79%) дауыс берді. 60 референдум учаскесі өз жұмысын әлі жалғастырып жатыр. Атап айтқанда, Орталық Азия, Таяу және Орта Шығыс, Еуропа, Оңтүстік Америка елдері және АҚШ. Сан-Франциско қаласында тағы бір учаске Астана уақытымен сағат 20.00-де ашылады», - деді Василенко Орталық референдум комиссиясында өткен брифингте.

Айта кетері, Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан 59 елде 74 учаскелік референдум комиссиясы құрылған болатын, дауыс беретін сайлаушылардың жалпы саны – 12 307.

Сондай-ақ бүгін Астанада Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттерінің ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты халықаралық ұйымдар бақылаушыларының қатысуымен бірқатар брифинг өтті.

Миссия басшылары республикалық референдум Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына және халықаралық міндеттемелеріне сәйкес өтіп жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, референдум –  ашық, еркін және заңды, олар учаскелерде бірде-бір заң бұзу фактілерін анықтамаған.

Сонымен қатар, халықаралық бақылаушылар сайлаушылардың жоғары белсенділігін ерекше атап өтті.

Естеріңізге салайық, референдумнан 200-ден астам шетелдік журналист ақпарат таратып жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.