Референдум кезінде дауыс берушілерден шағым түскен жоқ – АӨСШК бақылаушысы

Азаматтар референдумға белсенді қатысып жатыр, дейді ол

Референдум кезінде дауыс берушілерден шағым түскен жоқ – АӨСШК бақылаушысы
Фото: ОКҚ

Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі миссиясының бақылаушылары АЭС мәселесі жөніндегі республикалық референдумда дауыс берушілерден арыз-шағым түспегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

АӨСШК миссиясының бақылаушылары Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен баспасөз мәслихатында олар аралаған учаскелерде барлық қажетті ақпарат ұсынылғанын, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қажетті жағдайлар жасалғанын атап өтті.

АӨСШК бас хатшысының орынбасары Чжан Линнің айтуынша, азаматтар белсенді, ал учаскелік комиссия қызметкерлерінің кәсіби даярлығы жоғары.

«Дауыс берушілер белсенді қатысып жатқанын байқадық. Әсіресе жастар, көбі отбасымен, балаларымен бірге келді. Учаскелік комиссиялардың мүшелері дауыс беру үшін қажет жағдайларды қамтамасыз еткен. Референдум кезінде дауыс берушілерден АӨСШК бақылаушыларына қандай да бір шағымдар, ескертулер түскен жоқ», - деді Чжан Лин.

Қазақстан өңірлерінде референдум учаскелері кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді.

Бұған дейін СІМ тоғыз елде дауыс беру аяқталғанын хабарлаған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.