Адамдар өте белсенді және позитивті - Қоғамдық саясат институтының өкілі Ақтөбедегі атмосфераны әңгімелеп берді
Аяжан интервьюердің жұмысы үлкен зейін мен мұқияттылықты талап етеді дейді
Ақтөбе қаласындағы №41 референдум учаскесінде дауыс берушілердің пікірін біліп, санақ жүргізіп жүрген Қоғамдық саясат институтының интервьюері Аяжан Бурамбаева Azattyq Rýhy тілшісіне өзінің қызметі мен халықтың көңіл-күйі, сол жердің атмосфересы туралы айтып берді.
«Менің міндетім – сайлау учаскесінен шыққан азаматтардан сауалнама алу. Бұл өте маңызды миссия деп санаймын, себебі барлық процестер әділ және ашық өтуі керек. Біз учаскеден шыққан адамдардан референдумға қатысты шешімдері туралы сұрақ қойып, жауаптарын жазып аламыз және дауыс берушілердің санын белгілеп, санақ жүргіземіз.
Айта кететін жайт, сауалнама толығымен анонимді түрде өтеді. Біз дауыс берушіден аты-жөні, тұрғылықты мекен-жайы, телефоны сияқты жеке ақпаратты сұрамаймыз. Негізі, біздің жұмыс үлкен зейін мен мұқияттылықты талап етеді. Заңға сәйкес, біз респонденттерден учаскелерден шыққан кезде ғана сұхбат ала аламыз, сондықтан біз ішке кірмейміз», - дейді ол.
Аяжанның жинаған деректері институт әлеуметтанушыларының зерттеуіне арқау болады.
«Мен жұмыс істейтін учаскеде адамдар өте белсенді және позитивті. Олар дауыс беріп, учаскеден көңілді шығып жатыр және бізбен оңай байланысқа түседі. Бұл біздің жұмысымызға көп көмектеседі. Демалыс күніне қарамастан, азаматтар дауыс беруге уақыт тауып жатыр. Менің ойымша, олар өте жауапты адамдар, себебі олар өз болашақтары мен балаларының болашағы үшін дауыс беріп жатыр. Дауыс беруге әр түрлі жастағы адамдар қатысып жатыр. Жастар көп. Кейбіреулері балаларымен бірге келіп жатыр. Бұл азаматтық және саяси өмірге қатысу мәдениетін дамытуға көмектеседі. Мен учаске жабылғанға дейін жұмыс істеймін. Біздің сауалнама таңертең ерте, учаске ашылған сәтте басталды. Осы уақыт бойы біз дауыс берушілермен байланысып, олардың жауаптарын және дауыс беруге келгендердің санын тіркеуіміз керек», - дейді спикер.
Аяжан, сонымен қатар, әріптестерімен бірге экзитпол жүргізіп жатқанын айтты. Бұл алдын ала болжам жасауға мүмкіндік береді.
«Мұндай жұмыс республиканың барлық өңірлерінде ұйымдастырылған. Осының арқасында учаскелер жұмысының барлық кезеңінде дауыс берудің алдын ала нәтижелерін алуға болады. Белгіленген уақыт аралығында біз ақпаратты институттың орталық кеңсесіне жібереміз. Күннің соңында барлық учаскелер жабылған кезде экзитполдың жалпы нәтижелері шығарылады. Әдетте, нәтижелері экзитпол бұқаралық ақпарат құралдарында және телеарналарда түңгі 12-ден кейін жарияланады. Бұл ретте мен референдумның ресми қорытындыларын Орталық референдум комиссиясы кейінірек ұсынатынын атап өткім келеді», - дейді Аяжан.