Қазақстан тасқынның салдарын ешкімнің көмегінсіз еңсере алды – президент

Тоқаевтың айтуынша, табиғи апаттарды алдын ала болжау қиын

Қазақстан тасқынның салдарын ешкімнің көмегінсіз еңсере алды – президент
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС құрылысына қатысты республикалық референдумда дауыс берген соң, отандық БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Журналистер президенттен биыл көктемдегі алапат су тасқынынан кейін қандай қорытынды жасалғанын сұраған.

«Тиісті қорытынды жасалды. Бірақ мұндай табиғат апаты бүкіл жер шарында орын алып жатқанына баса мән беруіміз керек. Жақында ғана Орталық Еуропада алапат тасқын өтті. Оның алдында АҚШ пен Вьетнамда дауыл болды. Сондықтан мұндай апаттарды алдын ала болжау қиын. Дегенмен ондай жағдайға дайын болып, қажетті шаралар қабылдау маңызды. Қазақстан ешкімнің көмегінсіз тасқынның салдарын еңсере алды. Мұны ашық айту керек. Біз адам және қаржы ресурстарын осы іске жұмылдырдық. Үкімет пен әкімдер белсенді жұмыс істеді. Оның нәтижесін көріп отырсыздар», - деді Тоқаев.

Президент алапат тасқын кезінде зардап шеккен азаматтар жаңа баспанамен қамтылғанын атап өтті.

«Мен бұған дейін ешкім назардан тыс қалмайды деп уәде бердім. Жалпы алғанда, біз бұл мақсатты орындадық»,– деді мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент орталығында орналасқан №211 референдум учаскесінде дауыс берді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.