Халық еліміздің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын – Қошанов

Мәжіліс спикерінің айтуынша, өңірлердегі халық белсенді

Халық еліміздің болашағы үшін дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын – Қошанов
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

Парламент Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов АЭС салу жөніндегі референдумда дауыс берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәжіліс спикері елордадағы «Қазақстан темір жолы» ғимаратында ашылған сайлау учаскесіне барып, өз таңдауын жасады. Бюллетеньді жәшікке салған соң, журналистердің сұрағына жауап берді.

«Ең негізгісі бұл шешімді халық қабылдап жатыр. Біз осыған дейін мемлекет басшысы жариялаған конституциялық реформаны қабылдадық.  Конституциялық реформаның негізгі мақсаты қандай? Ол әр адамның әр азаматтың мемлекеттің саяси өміріне еркін араласуы. Бүгін міне соның нақты көрінісі деп ойлаймын. Бүкіл жерде халқымыз, әр азаматымыз өз даусын беріп жатыр. Белсенділік өте жоғары. Әр өңірде, әр сайлау учаскесінде халық дауыс беріп жатыр. Бүгін мемлекетіміздің болашағы үшін халық дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын», - деді Қошанов.

Естеріңізге салайық, бүгін қазақстандықтар жалпыұлттық референдумда «Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа жауап беріп жатыр.

Сайлау учаскелері таңғы сағат 07.00-де ашылды. Азаматтар кешкі сағат 20.00-ге дейін таңдау жасай алады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.