«Өмірімді кино қылып айтып бердім»: Қыдырәлі Болманов түрмедегі жігіттермен кездесті (ВИДЕО)

Аягөз Құрмаш

Кездесу Республика күні қарсаңында өткен

«Өмірімді кино қылып айтып бердім»: Қыдырәлі Болманов түрмедегі жігіттермен кездесті (ВИДЕО)
Фото: instagram.com/kydyrali_bolman

Продюсер, әнші Қыдырәлі Болманов Павлодар қаласындағы сотталғандармен кездесуден кейінгі әсерін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Ер жігіттің басына не келіп,не кетпейді дейсің. Қателеспейтін пенде жоқ. Павлодар қаласы, жалпы режимдегі колонияда жазасын өтеп жүрген азаматтармен кездесуге шақыру алдым. Қойылған мақсат - Республика күні мерекесі қарсаңында рухани әңгіме жүргізу, рухани қолдау көрсету екен. Мүмкін бір сөзім біреуге демеу, біреуге үміт, ал беруге жұбаныш болар. Тым болмаса қазір қиындыққа түсіп, қамауда отырған, сынақта жүрген отандас бауырларға амандасып, жақсы тілек тілеп, жүз көрсетіп, ізет білдіріп қайтармын. Алла көріп тұр - ниет түзу», - дейді Болманов.

Ол әуел баста қамауда отырған адамдармен қандай бағытта әңгіме айту керек екенін білмей, дал болдым дейді. Себебі мәдениет, ұлттық құндылық, рухани жаңғыру бойынша тақырып оларға қызық болмайды деп ойлаған. 

«Шашыраған сұрақтар жауап таппай, масадай ызыңдап, сұрақтар жан-жағымда айналып жүр. Жаратушым жақсы ой берді бір кезде. Өзімнің де шалыс басқан, қателескен кездерім баршылық. Қателерімді қалай түзегенім, небір «нокауттарға» түсіп, оңбай құласам да, қайта тұрып, алға жүріп, биікке ұмтылғанымды, биік мақсаттарға қалай жеткенімді, менің де тар жолға түсіп, тайғақ кешкенімді айтайын дедім. Қалай бар, солай, шынайы әңгіме неге айтпасқа? Көңілім орнына түсті. Басшылары күтіп алды. Әңгімені басымнан өткен сынақтар, қиындықтар және қалай жеңгенім, тар жолдан қалай өткенім, тайғақты қалай кешкенім туралы сөздерден бастадым. Өмірімдегі қиналған кез, ең қауіпті төбелес, қорқынышты оқиға, ең әсерлі жеңістерім, қысқасы, өмірде болған оқиғаларымды кино қылып айтып бердім. Ән де орындалды. 2 сағат тез өтіп кетті», - дейді ол.

 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.