Үш ауысымды жою, орын тапшылығы, заманауи білім: «Жайлы мектеп» жобасы қалай орындалып жатыр

Azattyq Rýhy

«Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен бас-аяғы 2,6 трлн теңге бөлінеді

Үш ауысымды жою, орын тапшылығы, заманауи білім: «Жайлы мектеп» жобасы қалай орындалып жатыр
Фото: freepik.com

Елімізде үш ауысымды мектептер, тығыздылығы жоғары, апатты жағдайдағы мектептер саны аз емес. Мәселен, Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, 2021-2022 оқу жылында үш ауысымда жұмыс істейтін 169 мектеп болған. Ал бірер ай бұрын Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 106 үш ауысымды мектеп барын мәлім етті. Қазақстанда білім алу жолында өскелең ұрпақ осындай қиындықтарға тап болмас үшін әрі білім беру жүйесінің ары қарай дамуы үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын тапсырған. Мәдениет және ақпарат министрлігі жоба аясында 400-ден аса мектеп бой көтеретінін хабарлады. Azattyq Rýhy жобаның маңызына, атқарылып жатқан жұмыстарына тоқталып өтті.

Президент 2022 жылы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жас ұрпақтың еш қиналмай білім алуы, олардың дамуы үшін тиісті жағдайдың бәрі жасалуы керек екенін айта келе елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғанын мәлім еткен.

«Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың  заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады. Жалпы, мектеп салу Үкімет және әкімдіктер үшін басты міндеттің бірі болуы керек. Жемқорлар сотталғанда, олардың заңсыз тапқан қаржысы мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуға тиіс. Үкімет осы бастаманы заң тұрғысынан рәсімдеу туралы шешім қабылдауы керек», - деген еді Мемлекет басшысы екі жыл бұрынғы Жолдауында.

Еске сала кетейік, Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үш ауысымды 106 мектептің мәселесі толықтай қашан аяқталатынын мәлім еткен.

«Қазіргі уақытта елімізде 106 үш ауысымды мектеп бар. Осы жылы 92 мектептің проблемасын реттеу жоспарда бар. Қарапайым сөзбен айтқанда, елімізде бар 1000-нан аса білім ошағын заманауи үлгіге толықтай жеткізу мәселесін шешіп отырмыз. Бұл проблеманы 2025-2026 жылдары аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді министр.

ҚАЗАҚСТАНДА 400-ГЕ ЖУЫҚ МЕКТЕП АШЫЛАДЫ

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметі бойынша биыл 1 қыркүйекте елімізде 90 мыңға тарта оқушыға арналған жаңадан 70 мектеп есігін айқара ашты. Жаңа білім ошақтарының арасында Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырған «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынған мектептер де бар. Бұл жоба бойынша жұмыс қарқынды түрде жүріп жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі келер жылға дейін Қазақстанда 400-ге жуық мектеп ашу жоспарда бар екенін хабарлады.

Астанада «Жайлы мектеп» аясында қазірдің өзінде тоғыз мектеп ашылып үлгерді. Ал осы жылдың соңына дейін қосымша тағы 14 мектеп ашылып, қолданысқа берілмек. Мәдениет және ақпарат министрлігі Астанада келесі жылдың аяғына дейін жаңадан 24 жаңа білім ошағы ашылатынын хабарлады.

Жуырда Астана қаласындағы №104 мектептің ашылу іс-шарасына ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысып, мектеп оқушыларын құттықтап, жылы лебіздерін білдірген болатын. Ведомство басшысы құттықтауының басында бірінші сыныпқа барып, мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндердің қуанышты сәтін өз көзімен көргенін тілге тиек етті. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша ашылған білім ошағына жаңа оқу жылында 1600 бала барған, олардың арасында бірінші сыныпқа барған оқушылар саны – 200.

«Құрметті оқушылар, білім жолында сіздерге үлкен жетістіктер тілеймін! Ерінбей еңбек етіп, алдарыңызға үлкен мақсаттар қойсаңыздар, міндетті түрде жетесіздер. Әрдайым білімге құштар, арманшыл болыңыздар! Жаңа оқу жылы жаңа жетістіктерге жетелесін. Білім әлемінен басталған қадам жарқын болашаққа жол ашсын! Сондай-ақ, ұлағатты ұстаздар қауымы мен ата-аналарды да  құттықтаймын! Баршаңызға зор денсаулық, мол игілік пен толайым табыс тілеймін!» – деген еді Аида Балаева құттықтауында.

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕПТІҢ» ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҚАНДАЙ?

Мемлекет басшысының бастауымен қолға алынған жоба ең алдымен мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешуге, үш ауысымда дәріс беретін білім нысандарының, сол сияқты апатты жағдайдағы ғимараттардың жағдайын реттеуге бағытталған.

Жоба аясында салынған мектептердің ерекшелігі – бірыңғай стандарттарға сәйкестендіріп салынады. Нақтырақ айтар болсақ, әрбір пәнге арналған сыныптар, сол сияқты компьютерлік, зертханалық, шеберханалық кабинеттер арнайы стандарттар негізінде жабдықталады.

Жаңа мектептердің жобасы заманауи интерьерге сай жүргізіліп қана қоймай, безендірілу жұмысы да талғамға сәйкес орындалады. Ал ең ерекше тұстарының бірі – бастауыш сыныптар мен жоғары кластағы оқушылар жеке-жеке блокта білім алады. Ал олар бір-бірімен ұшыраспас үшін әр блоктың өзіне арнап асханалары мен спорт залдары салынады.

Соңғы жылдары елімізде буллинг мәселесі, жоғары сынып оқушыларының бастауыш сыныптағы балаларды зорлау жағдайы бірнеше рет тіркелді. Салдарынан зорлық көрген мектеп оқушыларының суицидке барғаны да бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. «Жайлы мектептерді» салу барысында жоғары сыныптар мен бастауыш сынып оқушылары жеке блокта оқып, осы мәселенің ойластырылғаны әсіресе ата-аналардың көңілінен шықты.

«Соңғы бірнеше жылда әлеуметтік желіден, ақпарат құралдарынан мектеп оқушыларының белгісіз жағдайда көз жұмғаны, суицид жасағаны туралы ақпараттарды жиі оқитын болдық. Артынша тергеу жұмыстарының нәтижесінде ол балалардан жоғары сынып оқушылары ақша талап еткені, айтқанын орындамаса түрлі тәсілдермен жазалағаны, тіпті дәретханаға апарып, зорлағаны туралы ақпарат тарайды. Осы тектес жаңалықтарды оқыған сайын өсіріп отырған ұл-қыздарыма алаңдаймын. Бізге қарасты №104 мектеп «Жайлы мектеп» жобасы бойынша салынғаны, ондағы оқушылардың қауіпсіздігіне баса мән берілгені бізді қатты қуантты. Көңілімдегі алаңдаушылық басылды. Тұңғыш ұлым қазір осы мектепке 1-сыныпқа барып жүр. Бір айдай болса да, сабағына асығып тұрады», - дейді аталмыш мектепке барған оқушының анасы Гүлзира Жиенқызы.

Әдетте тек Hollywood фильмдерінде көрініс табатын мектептер қазіргі уақытта біздің елде де бой көтеріп жатыр. Мәселен, мектеп ішінде оқушылардың оқулықтар мен дәптерлеріне, сондай-ақ жеке заттарына арналған шкафтары қарастырылған. Бұл өскелең ұрпақтың ауыр сөмке көтеріп жүрмеуі үшін ойластырылып отыр. Сонымен қатар, бұл мектептерде балаларға ыңғайлы болуы үшін трансформер парталар мен ауызсу фонтандары, демалуға арналған арнайы тынығу орындары бар.

Үкіметтің баспасөз қызметі «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен бас-аяғы 2,6 трлн теңге бөлінгенін хабарлады.

Жобаны іске асыру үшін облыс әкімдіктеріне жүктелетін негізгі міндеттер – мектеп құрылысы жүргізілетін учаскелер бөліп, инженерлік коммуникациялар жүргізу жағдайын тиянақты қарастыру.

АЛҒАШҚЫ «ЖАЙЛЫ МЕКТЕП»

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған жоба бойынша ең алғашқы мектеп тұп-тура бір жылдан кейін ашылды. Ақмола облысының Қосшы қаласында 2023 жылдың 1 қыркүйегінде ашылған мектепке алғашқы жылы үш мың оқушы қабылданып, білім ғимараты екі ауысымда жұмысын бастаған. Бұл мектептің құрылысына 7,5 млрд теңге жұмсалған.

Жаңа мектепте оқушыларға қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Соңғы жылдары ерекше қарқынмен дамып келе жатқан роботизация саласын оқушылар мектеп қабырғасында жүріп-ақ меңгеруі үшін робототехника мен 3D модельдеу, компьютерлік кабинеттері қарастырылған. Сонымен қатар, өскелең ұрпақтың әскери әлеуетін мектеп жасынан шыңдау үшін алғашқы әскери дайындық, ұстахана кабинеттері жеке-жеке ашылған. Одан бөлек, физика, химия, биология пәндері бойынша оқушылар тәжірибе өткізуі үшін арнайы зертханалық кабинеттері де бар. Әдетте дене шынықтыру залдарында футбол, баскетбол, волейбол алаңдары ғана болса, енді үстел теннисі де оқушылардың бой сергітуі үшін қосымша енгізілді.

Ал мектептің айналасы көркейіп, әдемі болуы үшін түрлі ағаштар, көшеттер отырғызылды. Сонымен қатар, асфальт төселіп, ғимараттың іргелес тұсынан көлік тұрағы ашылды.

Айта кетерлік тағы бір жайт, «жайлы мектептерде» мүмкіндігі шектеулі, сол сияқты ерекше қажеттіліктері бар балалардың да жағдайы назардан тыс қалмаған. Осыған дейін ашылған төрт қабатты мектептердің өзінде лифт мәселесі мүлдем қарастырылмаған болса, енді осы санаттағы оқушылардың еш қиындықсыз, емін-еркін қозғалуы үшін жеделсатылар да орнатылды. Қосшыда ашылған үш қабатты алғашқы «жайлы мектепте» қатарынан төрт лифт, сондай-ақ арнайы пандустар орнатылған.

Қосшы қаласында былтыр ашылған үш қабатты «жайлы мектептің» жалпы аумағы 17,5 мың шаршы метрді құрайды.

Еске салайық, Қосшыда мектеп санының аздығы мен оқушы санының көптігі үлкен проблема болып, мектептерде «Ы» сыныбына дейін ашылған болатын.

Ал жуырда Ақмола облысына қарасты Талапкер ауылында ұлттық жоба бойынша салынған екі бірдей мектеп есігін айқара ашты. Үш қабатты заманауи білім ордасының ашылу салтанатына өңір әкімі Марат Ахметжанов арнайы қатысып, мектеп оқушыларын құттықтады.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алуымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы орын тапшылығы проблемасын реттейді, сондай-ақ өскелең ұрпақ пен ұстаздар қауымына ыңғайлы жағдай жасайды әрі қала мен ауыл мектептерінің білім сапасындағы айырмашылықты қысқартады. Оқушылардың бақытты балалық шағы – бүгінгі біздің жалпыұлттық міндетіміз», - дейді Ақмола облысының әкімі.

Жаңа мектептің ашылу салтанатына Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Асхат Аймағамбетов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова арнайы қатысып, жиналған қауымды құттықтады.

МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ – ҮНЕМІ НАЗАРДА

Мектеп құрылысының еш ауытқусыз, қиындықсыз жүргізілуін Мәжіліс депуттатары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері назарда ұстайды. Мәселен, жуырда депутат, фракция мүшесі Ерлан Әбдиев Түркістан қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша салынып жатқан білім ошағының құрылысын тексеру үшін арнайы барды.

Ерлан Әбдиев тексеру барысында дәл осы мектеп «АМАNАТ» партиясының Түркістан облыстық сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру бойынша Жол картасына енгізілгенін айтып өтті. Айтуынша, Түркістан қаласындағы мектептің құрылысы кесте бойынша қызу жүргізілуде.

«Жобаның атауы «Жайлы мектеп» болғандықтан, нысан барлық жағынан жайлы, қолайлы болғаны дұрыс деп ойлаймын. Мектептің алғашқы жобасында екі лифт болғанын, алайда тапсырыс беруші түзету енгізіп, тек бір лифт қана қалдырғанын білдім. Мектеп 2000 балаға есептелген. Осынша бала үшін бір ғана лифтінің болғаны орынсыз, ақылға сыймайды. Міне дәл осы мәселені қайта қарап, қалпына келтіруді ұсынып отырмын. Сол сияқты мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған механикалық сатыны пандусқа өзгерту қажет. Себебі, механикалық сатының жылдам істен шығатынын жақсы білемін, сондықтан оны үнемі бір маман қадағалап отыруы керек болады», – деді депутат.

«Жайлы мектептің» құрылысы жайлы «АМАNАТ» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Алтынсары Үмбеталиев пен «Каратас Майнинг» ЖШС мердігер компаниясының мамандары да баяндама жасап, нысанға қатысты мәліметтер берді.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы өз Жолдауында жемқорлар сотталғанда тәркіленген қаражат мектеп салуға жұмсалуы керектігі туралы айтқан болатын. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова жемқорлардан тәркіленген қаражатқа 2023 жылы 36 мектеп салынғанын, ал биыл 25 мектеп бой көтеретінін мәлім еткен.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.