Елдің энергетикалық тәуелсіздігін нығайтады: қазақстандықтарға АЭС-тың артықшылықтары айтылды
6 қазан күні жалпыұлттық референдум өтеді
Қызылорда, Жамбыл және Түркістан облыстарында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері кітапхана ұжымдарымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қызылордада АЭС салуды қолдау жөніндегі аймақтық және қалалық Халықтық штаб мүшелері қалалық кітапханалар желісіне қарасты «Пушкин» атындағы кітапхана ұжымымен кездесті. Басқосуда атом энергетикасының тиімділігі мен пайдасы жайлы пікір алмасты.
«Атом электр станциясы сөзсіз қажет. Оның құрылысының өзі 5-10 жылға созылады. Оған дейін еліміздегі энергия тапшылығы айтарлықтай өсуі мүмкін. Әлбетте, біз атом энергетикасын зерттеген сала мамандары емеспіз. Дегенмен, аталған саланың құрылысын жан-жақты ізденіп, ғалымдардың пікіріне сүйеніп, сараптама жасап, осындай байламға келіп отырмыз. Өздеріңіз байқасаңыздар, атом станциясы әлемнің көптеген елінде бар. Сондықтан келешек ұрпақты энергетикалық тұрғыда тәуелсіз қылу үшін «жасыл» энергияны қолдауымыз қажет», -деді аймақтық Халықтық штаб мүшесі Асылбек Теңелұлы.
Ал қалалық Халықтық штаб мүшесі Айгүл Нажмадинқызының айтуынша, қазірдің өзінде еліміздің оңтүстік өңірлерінде электр тапшылығы сезіледі.
«Соның салдарынан жыл сайын көрші Ресейден 100 млрд теңгеге электр қуатын сатып алып отырмыз. Өз қажеттіліктерімізді жабу үшін атом энергиясының артықшылығын пайдалануымыз қажет»,- деп санайды ол.
Ал Жамбыл облысында АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері М.Әуезов атындағы кітапхананың қызметкерлерімен жүздесті. Жиында елдің энергетикалық қауіпсіздігі, атом электр станцияларының болашақтағы рөлі және экономика саласына энергияның әсері жөнінде айтылды. Халықтық штаб мүшелері жиналғандармен бірге бүгінгі таңда еліміздің энергетикалық секторында қалыптасқан жағдайды талқылады.
«Экономикалық өсімнің жаңа кезеңіне нық қадам басу үшін АЭС салынуы керек. Сонымен қатар, бұл, кәсіби мамандар айтқандай, экологиялық таза және тұрақты энергия көзі болмақ. Өзге салалар секілді экономика саласы да тұрақты энергияға тәуелді. Ал атом электр станцияларын салу арқылы Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігі нығайып, тұрғындардың әл-ауқатын көтеретін негізгі салаларға тұрақты дамуына жан-жақты жол ашылады», – деді Сембек Әбітайұлы.
Атом электр стансасының экономикалық артықшылықтары Түркістанда да сөз болды.
АЭС салуды қолдау жөніндегі Түркістан облыстық Арыс қалалық халықтық штаб өкілдері Е.Молдабаев және С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектептерінде, сонымен қатар Абай атындағы орталық кітапхананың ұжымдарымен кездесті.
Кездесулерге штаб басшысы, қалалық партия филиалының төрағасы Бақтығали Ділдәбеков, штаб мүшелері «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Мөлдір Сарыпбекова және «Ақаба сервис» ЖШС кеңесшісі Еркін Сарбасов қатысты.
Штаб өкілдері арыстықтармен кездесуде энергия тапшылығын азайтуда атом электр станциясының маңыздылығы туралы атап өтті.
«Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық балансындағы көмір энергиясының үлесін азайтады. Бұл қазіргі уақытта әлемдегі ең жоғары энергия көзі болып табылады. Осылайша, атом электр станциясының құрылысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің қабылданған Стратегиясын жүзеге асырудың негізгі қадамы болмақ. Бүгінгі таңда дүние жүзінде 62 реактор салынып жатыр, көптеген ел атом электр станцияларының паркін кеңейту жоспарына кірісті немесе алғашқы атом энергетикасы бағдарламасын әзірлеуде»,-деп атап өтті Бақтығали Ділдәбеков.
Сондай-ақ, штаб мүшесі Мөлдір Сарыпбекова президент ұстанған басты саясат – халық үніне құлақ асатын мемлекет құру екенін, ал 6 қазанда өткелі жатқан референдум соның бір айғағы екенін атап өтті.
«Біз сіздерге АЭС салуға келісіңіздер деп айтқалы тұрған жоқпыз. Мақсатымыз – жаңа бастаманың елге, экономика мен әлеуметтік ахуалға тигізетін пайдасын жеткізу, түрлі алып-қашпа әңгімелердің алдын алу. Сонымен қатар болашағымыздың жарқын болуына септігін тигізетін, энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік болатын жобаны жан-жақты таныстыру. Ал, референдумда кім қандай таңдау жасаймын десе де өз еркінде», - деп түсіндірді ол.
Штаб өкілдері АЭС-тің артықшылықтары, экономикалық пайдасы жайында ақпараттармен бөлісті. Азаматтар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, оларды республикалық референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Естеріңізге салайық, елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биыл 6 қазанда өтеді.