Қазақстанның неше азаматы шетел түрмесінде отыр? - Бас прокурордың орынбасары жауап берді
Ал, біздің елімізде мыңға жуық шетелдік азамат жазасын өтеп жатыр
Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуардағы журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Қазақстанның неше азаматы шет елдердің түрмесінде отырғанын айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазір 900 қазақстандық шетелде жазасын өтеп жатыр. Оның ішінде басым бөлігі, яғни 650 адам Ресей түрмелерінде отыр. Ал біздің түрмелерде мыңнан астам шетелдік азамат жазасын өтеп жатыр. Оның басым бөлігі - Өзбекстан азаматтары. Біз осы тақырып аясында 24 келісімшарт орнаттық. Шетелде оқып жатқан, білім алып жүрген адамдардың жақындары олармен тұрақты түрде байланыста болуы керек. Олардың немен айналысып жатқанын, кіммен араласып жүргенін бақылауы керек. Себебі біздің жастар шетелге барып, оңай ақша табамыз деп келеңсіз жағдайларға ұрынып жатады», - дейді ол.
Қойгелдиев атап өткендей, осы типтес оқиғалар өте көп.
«Әсіресе, шетелде де, бізде де есірткі тасымалдауға қатысты жаза өте қиын. Шетелде ұсталып қалғандар не істеп жүргенін түсіндіре де алмайды. Сондықтан шетелде жүргенде сол елдің талаптарын орындау керек. 5 жыл ішінде Қазақтанға 160 азамат қайтарылды. 190 азаматты өз Отанына қайтардық. Ал биыл 9 айда елімізге 24 азаматымызды қайтардық», - дейді Ғалымжан Қойгелдиев.