Тура 33 жыл бұрын тұңғыш қазақ ғарышқа ұшқан еді - Мәдиев Тоқтар Әубәкіровке ізет көрсетті
Қазақ ғарышкері ғарышта бес эксперимент жүргізген
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев 33 жыл бұрын дәл осы күні ғарышқа ұшқан тұңғыш қазақ Тоқтар Әубәкіровті айтулы күнмен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Министрлік осыдан 33 жыл бұрын, 1991 жылғы 2 қазанда Қазақстан тарихында ғарышқа алғаш қадам жасалғанын еске салды. Ғарышкер Тоқтар Әубәкіров Байқоңыр ғарыш айлағынан «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ұшқан. Экипаж құрамында ол «Мир» орбиталық станциясында бір апта болып, 10 қазанда жерге оралды. Осы уақыт аралығында қазақ ғарышкері бес ғылыми эксперимент жүргізген.
«Тоқтар Әубәкіровтің сапары қазақстандық ғарыш ғылымы мен технологияларын дамытудың шешуші сәті болды. Қазақ ұлтының тұңғыш ғарышкері ретінде оның жетістіктері Жерді ғарыштан зерттеуде және Қазақстанда ғарыш технологияларын әзірлеуде жаңа дәуірдің басталуын білдіреді», - деп атап өтті цифрлық даму министрлігі.
Ғарышта Арал теңізінің құмды дауылдарын түсіру және медициналық-биологиялық зерттеулер жүргізілген. Арнайы азық-түлік және ғарыштық биотехнология мұқият бақылаудан өтті. Микрогравитациядағы металл балқымаларының әрекеті зерттелді. Жерге оралған соң, жиналған барлық үлгі ғалымдар тарапынан мұқият зерттелген.
Айта кетері, 78 жастағы Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров — техника ғылымдарының докторы, профессор, КСРО-ның 72-ші ғарышкері, КСРО-ның еңбек сіңірген сынаушы ұшқышы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері. Қазақстан әуе күштерінің Генерал-майоры. Қазақстанның Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының Батыры.