«Қатігездік пен қарыз»: Қарағандыда орталық ашқан Ләззат Мусина «жетім қарттар» қайдан шығатынын айтты

Аягөз Құрмаш

Орталық Қарағандыда орналасқан

«Қатігездік пен қарыз»: Қарағандыда орталық ашқан Ләззат Мусина «жетім қарттар» қайдан шығатынын айтты
Фото: Киелі шаңырақ

Қарағанды қаласында Қарттар үйінен шығып, қараусыз қалған жандарға қамқорлық танытып отырған «Киелі шаңырақ»  деген орталық бар. Бір қарағанда, әдеттегі орталықтардың бірі болып көрінгенмен, оның негізін қалаған адам бұл жерді өмірден түңілген адамдардың қайта күлімсірейтін орнына айналдырған. Қарттар мен мүгедектігі бар жандарға арналған орталықтың жұмыс істеп келе жатқанына міне 2 жыл болды, деп жазады Azattyq Rýhy.

Орталықтың құрылтайшысы Ләззат Мусина қарт адамдар мен мүгедектігі бар жандарға көмек көрсетуге не итермелегенін айтып берді.  

«Киелі шаңырақ» қарттар үйі 2022 жылдан бастап қамқорлыққа зәру қарттар мен мүгедектерге қызмет көрсетіп жатыр. Қазыналы қарттарымызға қамқорлық ету үшін ашылған орталықта қазір 50-ге жуық жан бар. Осы орталықты ашуға көп жағдай түрткі болды, өмірдің түрлі қиын тұстарына куә болдық. Осылайша, орталық ашсақ, қарт адамдарға өз зейнетақысына күту қызметін көрсетейік деген ой пайда болды. Ең әуелгі мақсат кәсіпкелік еді, оны несіне жасырайын. Бірақ бастай келе, ол ойым жайына қалды. Осы істің ішіне үңіле берген сайын ол ойымнан өзім шошыдым. Себебі, шын мәнінде, қамқорлыққа мұқтаж адамдар біз ойлағаннан да көп нәрсеге зәру. Сәбилердің жетімі бір бөлек, ал қартайған шағында жетім қалғандары одан да сорақы екен. Түрлі тағдыр, сан қилы өмірдің тәлкегіне түскен қарттарымыз аз емес екен», - дейді Мусина.

Орталық құрылтайшысы қариялардың мұндай күйге түсуіне бірнеше себеп бар екенін айтады. Оның ішінде аз зейнетақыға күн көре алмау, баспанасының жоқтығы, жас кезінде бала-шағасы мен әйелінен ажырасып, екінші жанұя құру сияқты себептері көп дейді Мусина. 

«Әжелер жағынан қарасақ, дер кезінде тұрмыс құрып, дүниеге бала әкелмеген жағдайлар кездеседі. Кей кезде тіпті баласы болса да, қалжыраған қарт ата-анасына күтім жасай алмай отыр. Оған не себеп десеңіз, алдыңғы шепте қатыгездік, одан кейін салғырттық, одан кейін осы уақыттың қасіретіне айналған несие төлеуге жұмыс істеп, айлығы шайлығынан аспай жүйкесі тозған, көңілі суыған жандар. Айта берсеңіз себеп көп, әрине, жәудірген көздерін, әжім басқан жүздерін көргенде шіркін-ай, өмірдегі барлық материалдық жағдай түкке тұрмайды екен дейсің. Қартайған шағында өмір бойы жиған-тергені жанына медеу болмай, сырт адамның мейіріміне мұқтаж болып қалуды нағыз жетімдік деуге болар», - дейді ол.

Ол атағандай, орталыққа өмірінің соңын күтуге келетін қарттар да бар.

«Біздің орталыққа бала-шағасына үй-мүлкін тапсырып, өмірің соңын күтуге келіп жатқан жандар да бар. Сондай жағдайды көріп отырғанда осы дүниенің байлығы түкке тұрмайтынын мойындайсыз. Осы жандардың әр күнін бақытты етуге, әр күнін мереке етуге қалай ат салысып кеткеніңді білмей де қаласың. Біздің шаңырақта қазыналы қарттарыммен көрген әр күнім тәубе, әр күнім шүкірлік, әр күнім жеңіс, әр күнім жеңіліс», - деп ағынан жарылды ол.

Ләззат Мусинаның айтуынша, ол орталыққа келген қарияларға бауыр басып, олардан айырылған кезде жақынын жоғалтқандай күй кешеді екен. 

«Бағы-қағып, бауыр басып қалған жан бір күні мәңгілікке бала-шағасына қоштасуын айтып кете барады. «Бала-шағаңызға хабарласып, айтамын» деп бетің былш етпей өтірік айтып, бақилыққа шығарып саласың. Сондағысы, қу баласын қимай жылап кетеді», - дейді ол.

Ләззат Мусина орталықты қамтамасыз етуге қаражат қайдан алатынын да айтып берді.  

«Орталықта қанша жан бар, солардың барлық зейнетақысының 70% жалпы шығынға кетеді. Қанша болса да 70%, қалған 30% өздерінде қалады. Зейнетақы мөлшері де әртүрлі болады. Демеушілеріміз деп студенттерді айтамыз. Себебі түрлі мерекелерде концерт ұйымдастырып, кей кездері тәттілермен шай береді. Ал зейнетақы алмайтындар, мүгедектікке өте алмағандар да бар. Зейнетақы мөлшері 28 мың мен 121 мың теңге аралығында», - дейді құрылтайшы.

Оның айтуынша, жалпы шығын тамақтану, жалақы, жалға беру мен жуынатын заттар, төсек-орын, киім-кешек пен дәрі-дәрмектен тұрады.

«Жетпегенін өзіміз жалғап, жеткіземіз. Енді қалай болары белгісіз, себебі бар мүлкім сатылды, мал да жоқ. Барлығын қосып, осы қарттар үйін сатып алуға әрекет етіп жатырмын. Жетпегеніне несие алдық. Мал болғанда жеңіл болар еді. Енді етті де сатып алып отырмыз. Күтушіге, аспазға, санитарға, кір жуушыға, от жағатын адамға жалақы төленеді. Сондай-ақ жеке ғимарат болғандықтан, көмір алуға да қаражат жұмсаймыз», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, кеше, 1 қазан күні Қазақстанда Халықаралық қарттар күні тойланды. Мемлекет қарияларға қандай жеңілдік көрсетіп отырғанын мына материалдан оқи аласыздар. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.