Ресейге жеткен коронавирустың жаңа штаммы Қазақстанда бар ма - бас санитар жауап берді

Коронавирус жұқтырған 13 адам ауруханада жатыр

Ресейге жеткен коронавирустың жаңа штаммы Қазақстанда бар ма - бас санитар жауап берді
Фото: kafanews.com

Қазір бүкіл әлемде таралып жатқан, ал жуырда көршілес Ресей елінен табылған коронавирустың жаңа ХЕС штаммы Қазақстанда әзірге жоқ. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне республиканың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елімізде коронавирус жұқтырған 1 676 адам тіркелген, бұл былтырғымен салыстырғанда жеті есеге аз.

«Сондықтан қазіргі кезде коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты деп есептеледі. Біз жыл бойы секвенирлеу жүргіземіз. Соңғы рет біз секвенирлеуді тамыз айында өткіздік. Оның нәтижесі бойынша елімізде омикронның түрі анықталды, ал Ресейде табылған вирус (ХЕС штаммы) әлі бізде анықталған жоқ. Қазақстанда жоқ», - деді Бейсенова.

Бас санитар дәрігер елде жіті респираторлық вирустық инфекция және тұмау бойынша эпидемиологиялық маусым басталғанын еске салды.

«Осы маусым кезінде коронавирус инфекциясы да көтерілуі мүмкін. Сондықтан елдің бәріне бетперде тағуға, көпшілік жерлерге бармаңыздар деп кеңес береміз. Енді ол маңызды нәрсе, пандемиядан кейін бәрімізде маска киюге этикет болуы керек. Бетперде тақсақ, тұмаудан да, коронавирустан да сақтанамыз», - дейді ол.

Бейсенова Қазақстанда дәл қазір карантин жариялайтындай қауіп жоқ екенін атап өтті.

Қазір республика бойынша орташа ауырлықтағы COVID белгілері бар 13 адам ауруханада емделіп жатыр.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.