Ақтаулық тұрғын Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр

Azattyq Rýhy

Құжатты рәсімдеу барысында 2015 жылы көші-қон қызметінің мамандары қателік жіберген

Ақтаулық тұрғын Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр
Фото: almaty.tv

Ақтаулық тұрғын Қазақстан азаматы екенін дәлелдей алмай жүр. Түсінбестікке тап болған ол мектепті, арнайы білімді Қазақстанда алып, тіпті некесін де осы елде рәсімдеген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Алматы арнасына сілтеме жасап.

Мзиа Цхададзенің ұлты грузин. Үш жасында Қазақстанға анасымен бірге қоныс аударған. Қолында Қазақстан Республикасының төлқұжаты мен паспорты, жүргізуші куәлігі, тіпті жеке кәсіпкер ретінде тіркелген құжаттары болса да, аяқ асты азаматтығы болмай шыққан. Кәсіпкер үш жылдан бері салық төлеп жүр.

«2022 жылы қызымды дүниеге әкелдім. ХҚКО паспорт алуға келгенде «заңсыз құжат алғансыз» деп айтты», – деді қала тұрғыны Мзиа Цхададзе.

Кейіннен белгілі болғандай, құжатты рәсімдеу барысында 2015 жылы көші-қон қызметінің мамандары қателік жіберген. 2014 жылы Мзианың анасы Манана Цхададзеге азаматтық рәсімделген, ал әкесі Грузия азаматы болып қала берген. Сол кезде Мзиа белгісіз бір себептермен тіркеуге алынбай қалған.

«Мзиа Цхададзе құжаттарын рәсімдеу барысында 2015 жылы көші-қон қызметінің қызметкерлері қате жіберген. Құжаттау кезінде Мзиа Қазақстан азаматы болған жоқ. 2014 жылы Қазақстанның азаматтығын Мзианың анасы Манана Цхададзе алды. Әкесі – Грузин мемлекетінің азаматы. Қазіргі уақытта Мзиа Грузия елшілігінен Грузия азаматтығы бар немесе жоқ деген анықтама алу қажет. Содан кейін ол жеңілдетілген тәртіппен Қазақстан азаматтығын алуға үміткер бола алады», – деді Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Айгерім Ибатуллаева

Мзианың Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға мүмкіндігі бар. Өйткені оның жұбайы – осы елдің азаматы. «Кінәні мойындап, бар жағдайды бақылауға аламыз» деген мамандар қажетті құжаттарды рәсімдеп, тіпті Грузия елшілігінен анықтама сұратуға да көмектесетінін айтты.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.