$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
15.09.2024, 16:52
Қоғам

Қосшыда тіл апталығы аясында бірқатар шара өтті

«Қосшы деген қала бар Сарыарқада» облыстық ақындар мүшайрасы өтті

Қосшыда тіл апталығы аясында бірқатар шара өтті
Фото: Ақмола облысының әкімдігі

Ақмола облысында Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне арналған салтанатты іс-шара өтті. Онда өңірде мемлекеттік тілді дамыту, мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру, тілдік ортаны қалыптастыру саласында жемісті еңбек етіп жүрген бір топ тіл жанашыры марапатталды.  Олардың арасында қосшылық маман да бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігіне сілтеме жасай отырып. 

Көкшетау қаласындағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында ұйымдастырылған шара барысында облыстағы тілдерді оқыту орталықтары оқытушыларының үздік оқыту әдістемелері жинақталған интерактивті көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Іс-шарада Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин жиналғандарды облыс әкімінің атынан тілдер күнімен құттықтап, тілдің ұлттың ұлы қазынасы, халықтың рухани қуатының негізі екенін атап өтті.

«Бүгін қазақ әліпбиінің негізін қалаушы, ағартушы және қазақ тілі мұғалімі Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне орайластырылған үлкен іс-шара өткізіп отырмыз. Тіл – халықтың байлығы және қазақстандықтардың рухани құндылығы. Біздің халқымыз көптеген сынақтан өтті, бірақ ана тілі мен патриотизм құндылықтарын ешқашан жоғалтқан емес. Тіл – Тәуелсіз Қазақстанның символы. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде мемлекеттік тілді қолдануды арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Біздің өңірде осы бағытта кешенді жұмыстар қолға алынған, жыл сайын тілді меңгеріп, жұмыс пен тұрмыста кеңінен қолданатындар саны артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, білімнің және ғылымының ажырамас бөлігі саналады. Ақмола облысында мемлекеттік тілді насихаттауға бағытталған жұмыстар жақсы нәтиже беріп отыр. Тіл отбасынан және балабақшадан басталады, осы жылы мемлекеттік тілде мектепке дейінгі білім алатын балалардың саны 70 пайызға өсті. Сонымен қатар облыстың бірінші сынып оқушыларының 52 пайызы қазақ тілінде білім алады», - деді Алмас Алин.

Басқарма басшысының айтуынша, осы күні облыс аудандарында тілдерді оқыту бойынша әдістемелік орталықтарда кешенді жұмыстар жүріп жатыр. Кейінгі 3 жылда тілдік курстарда тыңдаушылар саны 52 пайызға өсті, бұл ақмолалықтардың тілге деген қызығушылығының артып келе жатқандығын көрсетеді. Сондай-ақ жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, тіл саясатына бағытталған іс-шаралар да өткізіліп тұрады. Мәселен, осы жылдың мамыр айында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерінің үлкен форумы өтті, онда облыстың барлық ұстазы тәжірибе алмасып, тіл үйренудің дамуына кедергі келтіретін өзекті мәселелерді талқылады. Маусым айында мемлекеттік тіл деңгейін арттыруға арналған республикалық семинар өтті. Дәстүрлі байқаулардан басқа, тілдің дамуына үлес қосатын облыстың қарапайым тұрғындары үшін де байқаулар өткізіліп келеді.

Салтанатты кеш барысында тілдің дамуына зор үлес қосқан педагогтар, мемлекеттік қызметшілер және өзге де салалардың мамандары, сондай-ақ 10 аталым бойынша анықталған Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» арнайы сыйлығының иегерлері марапатталды. Олардың арасында қосшылық маманда бар. Қосшы қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі жанындағы тілдерді оқыту орталығының директоры Әлия Мұсаева Ақмола облысы әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығының «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте» номинациясының жеңімпазы  атанды.

Жалпы Қосшы қаласында мемлекеттік тілдің аясын кеңейту бағыттарындағы жұмыстар үнемі жүйелі жүргізіледі. Қыркүйек айының басында атап өтілетін Қазақстан халқы тілдері мерекесі аясында бірқатар шаралар өткізілді.

Қаладағы тілдер мерекесінің он күндігі «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің қуаттысы – тіл» деген ұлағатты сөз қалдырған, қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен орайластырған Қазақстан халқы тілдерінің мерекесі «Тұрар Рысқұлов – тарихи тұлға» тақырыбында жалпықазақстандық ашық диктант жазудан басталды.  Бұдан бөлек «Тілдерді оқыту орталығы» мамандары қаладағы кәсіпкерлік нысандарында болып әдістемелік көмек көрсетті.

Он күндік аясындағы ауқымды шараның бірі «Қосшы деген қала бар Сарыарқада» облыстық ақындар мүшайрасы болды. Қазақстан мәслихаттарының 30 жылдығына, Қосшы қаласының 3 жылдығына және Тілдер күні құрметіне орай ұйымдастырылған мүшайраға 30 ақыннан өтінім түскен. Алдын ала іріктеуден өткен 10 ақын жүлделі орындарды сарапқа салды. Олар Астана, Көкшетау қалалары мен Ерейментау, Целиноград аудандарынан келген ақындар. Қосшы туралы жылынды жыр жазған ақын Азамат Серікұлы мүшәйра жеңімпазы атанды.

«Тілді шұбарлау - оны білмеуден де қатерлі» тақырыбында Қосшы қаласындағы бес мектептің қатысуымен жоғары сынып оқушылары арасында дебат ұйымдастырылды. Оқушылар білімдері мен біліктіліктерін, өз ойларын ашық ортаға салды. Сонымен қатар оқушылар арасында «Танымал тұлғаға хат!» тақырыбында өзі еліктейтін тұлғаға хат жазу іс-шарасы өтті. Қала бойынша мектеп оқушыларынан 95 хат келіп түскен. Тағы бір қызық шара көнерген сөздерге қатысты өткен сауалнама. Орталықтың мамандары «Көнерген сөздердің сәулесі» тақырыбымен яғни, қолданыстан алыстап бара жатқан сөздерді қайта жаңғырту мақсатында тұрғындар арасында блиц-сауалнама өткізді. Аталған шараға тұрғындар белсенді қатысты.

Жалпы Қосшы қаласында 90 пайыз қазақ ұлты өкілдері тұрады. Осында тұратын аздаған өзге ұлт өкілдерінің көпшілігі қазақ тілін жетік меңгеріп алған. Соның бірі украин  қызы Александра Доброгорская. Ол қаладағы Р. Қошқарбаев атындағы №1 мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. 

«Менің ұлтым украин. Мен Қосшы қаласындағы Р. Қошқарбаев атындағы №1 мектепте жұмыс жасаймын. Мен өзімнің ана тіліммен қоса қазақ тілінде де сөйлеймін. Себебі Қазақстанда тұратын әр ұлт өкілі мемлекеттік тілді білуі керек деп ойлаймын»,- дейді Александра.

Серіктес жаңалықтары