$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
27.09.2024, 15:26
Қоғам

Қосшыда алаяқтыққа қарсы шаралар талқыланды

Қосшы қаласының прокуратурасы алаяқтардың құрбаны болмау үшін әлеуметтік желілерде қауіпсіз қарым-қатынас жасаудың тәсілдерін түсіндірді 

Қосшыда алаяқтыққа қарсы шаралар талқыланды
Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қазіргі кезде интернет-алаяқтықтың көбеюі көпшілікті алаңдатады. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, қылмыскерлер әртүрлі тәсілдерді қолданып жатыр. Олардың ішінде ең көп тарағаны – веб-сайттар арқылы жәбірленуші өзі ақша аударып, кейіннен тапсырысын ала алмай қалу деректері. Бұдан да басқа кең танылған қылмыстық схемалар жетерлік. Алаяқтықпен күресудің негізгі жолы – азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттыру, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Президенті халыққа арнаған жолдауларының бірінде интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық туралы айтқан еді.

«Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық-сараптама жұмысын күшейтуі қажет.  Сондай-ақ, азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы жолдауында.

Алаяқтықпен күресу бағытында жуырда Қосшы қаласының прокуратурасы және полиция бөлімі интернеттегі алаяқтық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Жиынға Қосшы қаласының мәслихаты, «Асар» ІҚО ҚБ еріктілері, қалалық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі,  «Қосшы су» мекемесі мен басқа да тиісті ұйымдардың өкілдері қатысты. Дөңгелек үстел отырысында азаматтарды құқықтық сауаттылық жағынан ақпараттандыруға бағытталған профилактикалық жұмыстарды жан-жақты жүргізу, сонымен қатар алаяқтар жиі пайдаланатын қылмыстық схемалармен күрес мәселелері айтылды.

Интернеттегі алаяқтықтың ең көп таралған түрлері әлеуметтік желілердегі онлайн-мәмілелермен, банк карталарынан ақша ұрлау, азаматтардың жеке деректерін иеленуге арналған фишингтік сілтемелерді пайдаланумен байланысты болып жатады. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде алаяқтар парақшаларды бұзып немесе көшіріп, материалдық көмек сұрап, туысқандарының атынан жалған өтініш жіберетін жағдайлар жиі тіркеледі. Шамадан тыс сенгіштік пен бейқамдық азаматтарды қаржы пирамидаларына әкеліп, тез арада баю ниеті оларды пирамида ұйымдастырушыларына әжептәуір соманы өз қолымен бергізеді, дейді мамандар.

ІІМ Криминалдық полиция департаментінің мәліметінше, тек биылғы екі айда Қазақстанда 3 мыңнан астам интернет алаяқтық тіркелген. Салдарынан қазақстандықтарға 4 млрд теңгеден астам залал келген.

«Алаяқтармен күресудің маңызды бағыты — азаматтарды көбірек қамти отырып қылмысты алдын алу. Біздің басты мақсатымыз – қала тұрғындарын алаяқтар жиі қолданатын қитұрқы әдістер туралы мүмкіндігінше көбірек және жүйелі түрде хабардар ету. Адамдар барынша құқықтық жағынан сауатты болған кезде өздерін және жақындарын алаяқтардың кез-келген әрекетінен қорғай алады. Қалада алаяқтықты алдын алу бойынша іс-шаралар емханалар, ХҚКО, коммуналдық қызмет өкілдерінің кеңселері және мектептер сияқты келушілер ағыны көп мекемелерде жүйелі түрде жүргізіледі. Алаяқтар психологиялық тұрғыда адамдарды өте шебер пайдаланып, ол адамдарды жақсы зерттеп алады, оның қажеттігін алдын-ала біліп, олардың сеніміне кіріп, өздері іздеп келетіндей етіп дайындайды. Сондықтан барынша сақ әрі сауатты болған дұрыс», - дейді Қосшы қаласы мәслихатының депутаты Ирина Осипова.

Осы ретте Қосшы қаласының прокуратурасы алаяқтардың құрбаны болмау үшін әлеуметтік желілерде қауіпсіз қарым-қатынас жасаудың мынадай негізгі ережелерін сақтауды ұсынады:

- хабарламаларда көрсетілген күмәнді сілтемелерді ашпау;

- кез келген сылтаумен логин мен пароль сұрайтын әлеуметтік желінің «әкімшілігінен» келген белгісіз қоңырауға сенбеңіз;

- таныстарыңыздың немесе достарыңыздың атынан жазып, қаржылық көмек сұрайтын хабарламаларға күмәнмен қараңыз. Сол нөмірге қайта қоңырау шалып, тексеріңіз. Жақын адамыңызды алаяқтан ажыратуға көмектесетін жеке сұрақтарды қойыңыз.

- бейтаныс пайдаланушылардың файлдарын қабылдамаңыз немесе ашпаңыз.

- соңғы уақытта сілтемелері топтарға және жедел хабар алмасу чаттарына жиі жіберілетін күмәнді акцияларға қатысудан бас тартыңыз. Әдетте, бұл жалған интернет ресурстарға сілтеме, танымал интернет-дүкендер, банктер мен компаниялардың веб-сайттарының көшірмелері.  Мұндай сілтемені басқан кезде, шабуылдаушылар сіздің логиніңізді, құпия сөзіңізді және басқа да жеке деректеріңізді басып алу үшін әртүрлі әдістерді пайдаланады.

Біз жоғарыда айтқандай, алаяқтар түрлі психологиялық әдістерді қолданады. Бұл мәселеге Fingramota сайты шолу жасады. 

Алаяқтың стереотиптік портреті әдетте мынадай болып келеді: ол эмоционалды интеллектісі төмен және басқа адамның сезімін түсіне алмайтын адам. Алайда эмпатияның болмауы оның басқа адамдарға айла-шарғы жасауына кедергі келтірмейді.

Олар — жақсы психолог, көбінесе сүйкімді болып келеді, адамға тез ұнап қалатынымен немесе олардың аяушылығын тудыра білетіндігімен азаматтардың сеніміне оңай енеді.

Сондай-ақ, алаяқтар — керемет шешендер, олар белгілі бір уақытта қандай ауызша сөз оралымдарын қолдану керектігін, қандай интонациямен сөйлесу керектігін және қандай хабарлама жасау керектігін біледі. Мысалы, азаматтарға олардың қатысуынсыз кредит ресімделгені немесе ақша аударылғанын хабарлайды. Осы сәтте жәбірленушінің бойын үрей билеп, абыржи бастағанда «қамқор» сұхбаттасушы көмектесе алатынын айтады — сізге тек жеке деректерді хабарлау керек, қалғанын банк өзі реттейді деп сендіреді.

Мотивациялық бизнес-курстар қаптап кеткен кезде заманда алаяқтар көбіне азаматтардың тез байып кетуді ойлайтын ниетін пайдаланады.

Алаяқтар жәбірленушіге «ойлануға уақыт жоқ, әйтпесе сіз мүмкіндігіңізді жіберіп аласыз» деп асықтырады. Осылайша адамдар күмәнді ұйымдарға ақша салады немесе «жалған кредиторлардан» қарыз алады.

Егде жастағы адамдарды алдау үшін қолданылатын кең таралған психологиялық әдіс — абырой-беделмен қысым көрсету. Зейнеткерлер көбіне мемлекеттік органдар мен полицияға сенеді, сондықтан егер оларға өзін ҰҚК қызметкерімін деп таныстырған адам келсе, олар оған сенеді. Қауіпті қылмыскерді ұстау үшін ақшаңызды немесе құпия деректеріңізді беріңіз деген «билік өкіліне» көмектесе кетеді. Ал егер жәбірленуші күмәндана бастаса, мемлекеттік арнайы операцияға кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін айтып қорқытады.

Алаяқтар интернет пен IT-технологиялардың дамуымен әккі шебер бола бастағанын да ұмытпау керек — олар өздерінің жеке мүдделеріне қолдану үшін барлық жаңа тәсілді зерттейді.

Алаяқтарды қалай анықтауға болады?

№1 белгі: Алаяқ әрқашан сізбен бірінші болып байланысқа шығады. Өздері қоңырау шалады немесе әлеуметтік желілер арқылы хат жолдайды, еліктіретін ұсыныстар жасайды немесе аңғалдығыңыз бен қорқақтығыңызды пайдаланып, ақшаңызды алып алады. Мұндай қоңыраулар мен хабарларға жеңіл-желпі қарамаңыз — бұл сізді алаяқтардан қорғайтын цифрлық гигиенаның бір бөлігі.

№2 белгі: Алаяқтармен әңгіме әрқашан қаржы төңірегінде өрбиді. Қаскөйлер өздерін банктің, мемлекеттік мекеменің немесе ірі дүкеннің қызметкері ретінде таныстырады, бірақ олардың әңгімесі әрқашан ақшаға қатысты болады.

Әрине, сізге алаяқ қоңырау шалғанын 100 пайыз дәл анықтау мүмкін емес, бірақ сақ болған абзал, ақша мәселесіне келгенде бейтаныс адамдардың сөзіне сенбеген дұрыс.

Серіктес жаңалықтары

Мақалада

#алаяқтық