Петропавлда далаға шай қайнатып жүрген тұрғындардың мәселесі қашан шешілетіні белгісіз
Әкімдік нақты мерзімді атамай отыр
Бұған дейін Петропавлда Жамбыл көшесіндегі 44-ші үйдің тұрғындары электр жарығына жарымай отырғанын жазған едік. Қала тұрғыны шайды үйдің ауласында газға қайнатуға мәжбүр екенін видеоға түсіріп, тұрақты трансформаторды төрт жыл бойы іске қоса алмай жүрген құзырлы органдардың әрекетсіздігіне шағымданған. Azattyq Rýhy осы проблеманың себебі мен шешімін білу үшін қалалық әкімдіктен ақпарат сұратты. Алайда жергілікті атқарушы органның редакцияға жауабы тұрғындардың көңіліне медеу болмайтындай.
Әкімдік Жамбыл көшесі, 44 мекенжайы бойынша орналасқан көпқабатты тұрғын үйге қазір уақытша электр жабдығынан тоқ келіп тұрғанын мойындады. Үйді тұрақты қуатқа қосу үшін «Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ-ға кешенді трансформаторлық қосалқы станцияға құқық белгілейтін құжаттар тапсырылған.
«Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы» АҚ өкілдері мердігер ұйыммен бірге сол жерге барды. Қазіргі таңда мердігер үйді кейін тұрақты электр қуатына қосу үшін анықталған ескертулерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр», - деді Петропавл әкімдігі.
Бірақ әкімдік мердігер бұл жұмыстарды қашан аяқтайтынын, тұрғындар тұрақты тоққа нақты қай күні қосылатынын нақтыламады.
Ал кеше, 25 қыркүйекте бұл үйде жарық сағат 10:00-ден 11:00- дейін өшкен. «Основание» ЖШС дәл осы аралықта тоқтың автоматтары мен трансформаторын ауыстырып жатты, дейді әкімдіктегілер.