«Күніне үш-төрт рет жарық өшеді»: Петропавл тұрғындары шайды далада қайнатып ішуге мәжбүр (ВИДЕО)

Тұрақты трансформатор бірнеше жыл бойы іске қосылмаған

«Күніне үш-төрт рет жарық өшеді»: Петропавл тұрғындары шайды далада қайнатып ішуге мәжбүр (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Петропавл қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің бірі жарыққа жарымай отыр. Уақытша трансформатор күніне бірнеше рет өшіп, тұрғындарды әбігерге салады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Петропавлдықтардың проблемасы жайлы сол қаланың тұрғыны, журналист Эльмира Каленова әлеуметтік желідегі парақшасында жазып, видео жариялады.

«Петропавлға 90-шы жылдар қайтып оралғандай. Есік алдында осылай шай қайнатып ішеміз», - дейді ол.

Оның айтуынша, Жамбыл көшесіндегі 44-ші үйде күніне үш-төрт рет жарық өшіп қалады. Тіпті бір әйел бір айлық сәбиімен жеделсатының ішінде қалып қойып екі сағат тұрған. Қазір тұрғындар лифтіге мінуге қорқатын көрінеді.

«Өйткені біз төрт жылдан бері уақытша трансформатордан қуат алып отырмыз. Бұл трансформатор үйді салу үшін ғана орнатылған болатын. Мынадай тұрақты трансформатор салынған, бірақ бірнеше жыл болды, іске қосылған жоқ. Құзырлы органдардың бәріне хат жаздық, бірақ бұл мәселеге кім жауапты екенін таба алмадық. Бәрі бір-біріне сілтеп отыр», - дейді журналист.

Уақытша трансформатор көпқабатты үйдегі 200-ден астам пәтерді төрт жыл бойы жарықпен қамтып отыр. Бірақ трансформатордың сымдары салбырап, өзі әрең тұр.

«Жел тұрса, мынау тіреуіш құлап қалады, тағы да жарық өшеді. Көрген күніміз осы. Міне, мамандар тағы да жөндеуге тырысып жатыр. Бұлар да бізге келуден жалыққан шығар», - дейді видео авторы.

Редакция осы мәселеге қатысты Петропавл қаласының әкімдігінен ақпарат сұратады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.