Қазақстанда балалары бар қырғызстандық азамат сот шешімімен елден шығарылды
Ол балаларға материалдық көмек көрсетпейді және олардың тәрбиесіне қатыспайды
Павлодар қалалық сотында Қырғызстан азаматын Қазақстан Республикасының шегінен тыс шығару туралы азаматтық іс қаралды. Бұл шешім оның Қазақстан заңнамасын бұзғанына байланысты қабылданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Д. Қырғызстан азаматы бола тұра, Қазақстан аумағында болған кезде еліміздің заңнамасын бұзғаны, атап айтқанда, адам денсаулығына ауыр зиян келтіріп, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны анықталды.
2022 жылы Д.-ның әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны және оның Қазақстан аумағында мүлкі жоқ екені сотта белгілі болды.
Сотталушының кәмелетке толмаған балалары Қазақстанда тұрып жатқанына қарамастан, сот бұл фактіні шешім қабылдауда назарға алмады. Себебі, Д.-ның бұрынғы жұбайының айғақтарына сәйкес, балалар онымен бірге тұрмайды, ол балаларға материалдық көмек көрсетпейді және олардың тәрбиесіне қатыспайды.
«Сот Павлодар қаласы полиция басқармасының Д.-ны Қазақстан шегінен тыс шығару туралы арызын қанағаттандырды. Сонымен қатар, оның елден шығу мерзімі де белгіленді. Бұл іс Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын қатаң сақтаудың маңыздылығын көрсетіп отыр», - делінген хабарламада.