$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
24.09.2024, 20:44
Қоғам

Ақмола облысында фельдшер инфаркт алған науқасты ауруханаға жеткізуден бас тартқан

Сот үкімімен оған 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды

Ақмола облысында фельдшер инфаркт алған науқасты ауруханаға жеткізуден бас тартқан
Фото: depositphotos.com

Қосшы қалалық соты абайсызда науқастың денсаулығына ауыр зиян келтіруге әкеп соққан, дәлелді себептерсіз медициналық көмек көрсетпегені үшін жедел медициналық жәрдем фельдшеріне қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Соттың анықтауы бойынша, фельдшер жүрек ауыруына шағымданған азаматшаның үйіне шақыру бойынша келіп, тиісті медициналық көмек көрсетпеген және науқасты ауруханаға жеткізіп, жатқызудан бас тартқан.

Кейін науқас медициналық көмек алу үшін ауруханаға өз бетінше баруға мәжбүр болған. Ауруханада оған «Жүректің ишемиялық ауруы. Миокард инфарктісі. Стенттеу. Кардиогенді шок. Клиникалық өлімнен кейінгі жағдай» диагноздары қойылды.

Сотта фельдшердің кінәсі сараптамалардың қорытындыларымен, жәбірленушінің, куәгерлердің айғақтарымен, жедел медициналық жәрдем фельдшеріне пациентті ауруханаға шұғыл жеткізуді көздеген нормативтік құқықтық актілермен және істің басқа да материалдарымен дәлелденді.

«Жаза тағайындауда сот кінәлінің жас болуын, қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын назарға алды. Сот үкімімен «А.»-ға медициналық қызмет көрсету құқығын айыра отырып, 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу тағайындалды. Сонымен қатар, сот абайсызда пациенттің денсаулығына ауыр зиян келтіретін жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің медицина саласындағы нормативтік құқықтық актілерді өрескел бұзушылығына назар аударып, облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті шаралар қабылдау үшін жеке қаулы шығарды», - делінген хабарламада.

Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары