«Таза Қазақстан» бір реттік науқан емес – Қосшы қаласындағы акцияның нәтижелері қандай
Қосшыда 15 қыркүйек пен 20 қазан аралығында «Таза Қосшы» атты тазалық айлығы өтіп жатыр

Жыл сайын қыркүйектің үшінші аптасында Дүниежүзілік тазалық күні өтеді. Дәл осы аптада 130-дан астам елде қоқыс жиналады. Жер шарын мекендейтін миллиондаған адам қалалар мен ормандардағы қоқыстарды тазалау үшін уақыт табады. Бұл шарадан Астана іргесіндегі Қосшы қаласының тұрғындары да шет қалған жоқ, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әлемдік тазалық күні аясында Қосшы қаласында ауқымды шара ұйымдастырылды. Сенбілікке экология және табиғи ресурстар министрлігі, Ақмола облысының экология департаменті, Астана қаласы экология департаменті, Қосшы қаласының барлық мемлекеттік мекемелері, мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, күштік құрылым өкілдері, коммуналдық мекемелер, «Жасыл » экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту коалициясы» заңды тұлғалар бірлестігі, студенттер мен волонтерлердан құралған төрт жүзге жуық адам қатысты.
Акцияға қатысқандар Қосшыдағы Сарқырама өзенінің бойын қоқыстан тазартты. Тазалық акциясы аясында 150-160 куб, яғни, шамамен 6-7 тонна қоқыс жиналды.
«Бұл маңызды шара қоршаған ортамызды, айналамызды таза ұстауға екпін береді. Біздің өзеніміз - біздің байлығымыз. Бүгінгі ауқымды шара кезінде өзен бойындағы қоқыстар жиналды. Оған Қосшы тұрғындары және басқа да белсенді азаматтар өзінің азаматтық үлесін қосты. Осы сенбі күні өткен шара аясында қаламыздағы Сарқырама өзен аумағынан 150-160 куб метр қоқыс жиналып, шығарылды. Біз әрқашан өзіміз тұратын жерді таза ұстап, қоқыстан үнемі тазартып жүруіміз керек. Бұл біздің азаматтық борышымыз. Осындай шаралар біздің табиғатқа, қоршаған ортамызға деген жауапкершілігімізді көтереді. Ол біздің дағдымызға айналуы тиіс», - дейді Ақмола облысының Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қосшы қаласы мәслихат депутаты Ирина Осипова.
Жалпы осы эколгиялық акция биыл елімізде президенттің бастамасымен басталған «Таза Қазақстан» акциясын да қамтып отыр. Қазақстан халқын туған табиғатқа қамқорлық жасау, аялау, таза ұстау идеялары төңірегінде біріктіретін аталған акцияға қосшылықтар да жыл бойы өзінің үлесін қосып келеді деп айтуға негіз бар.
Президент 2 қыркүйекте Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына жолдауын жария еткен кезде де дәл осы акцияға айрықша мән берді.
«Баршаңызға мәлім, елімізде көктемнен бері «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы жүріп жатыр. Бұл – тұтас халықты ұйыстырған берекелі бастама. «Таза Қазақстан» шарасына бірнеше айдың ішінде 3 миллионға жуық азамат ат салысты. Жүздеген мың үйдің ауласы тазартылды, 1 миллион тоннадан астам қоқыс жиналды. Осындай игі шаралардың арқасында қоғамда жаңа мәдениет, жаңа қоғамдық этика орнығып келеді. Мұны туған елге деген сүйіспеншілік, жанашырлық деуге болады. Ұлттың жаңа сапасы осындай нақты шаралар арқылы қалыптасады. Бұл – уақытша науқан емес. Осы маңызды жоба жыл бойы жалғаса беруі тиіс. Себебі, шынын айтқанда, кейбір санасыз азаматтарымыз табиғатты, көшелерді әлі де ластап жатыр. Осындай адамдардың әрекетіне заң бойынша тосқауыл қою керек. Бір сөзбен, қоршаған ортаның тазалығы әркімнің күнделікті дағдысына айналуы қажет», - деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Табиғатқа қамқорлық жасау мәдениетін қалыптастыру және елдегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында осы жылдың сәуір айының басында қолға алынған акция алғашында 5 апталыққа бөлініп, жоспарланған болатын.
13 сәуірге дейін - «Таза өлке» апталығы. Апталық барысында елді мекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, мекеме, кәсіпорын қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартты.
20 сәуірге дейін - «Киелі мекен» апталығы. Бұл апта тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстарына арналды. «Жасыл аймақ» апталығы аясында
27 сәуірге дейін - «Жасыл аймақ» апталығы. Оның барысында ағаш көшеттерін отырғызу, көшеттерді әктеу қолға алынды.
4 мамырға дейін - «Өнегелі ұрпақ». Ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалауға және абаттандыруға арналды.
Соңғы апталық - «Мөлдір бұлақ». Бесінші аптада су қоймаларының айналасы, өзен-көлдер қоқыстан тазартылады. Кейін бұл акцияның маңызы артып, уақыты мен ауқымы кеңейе түсті.
Осы аталған апталықтарға Қосшы тұрғындары өте белсенді қатысып, бұл бағыттағы жұмыстар жаз бойы тоқтаған жоқ. Мәселен, «Жасыл аймақ» апталығы аясында Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов бастап, ғасыр жасаған, ҰОС-ның ардагері Нұрқасым Әжітаев ақсақал, халқымыздың сүйікті әншісі, Еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Өнербаев, жазушы Ұларбек Нұрғалымұлы мен Айгүл Сейіл отбасымен, айтыскер ақын Еркебұлан Қайназар, жазушы Мақсот Ізімұлы, ақын, «Jańa Bastau» газетінің құрылтайшысы Бауыржан Қарағызұлы, кәсіпкер, меценат Жұмабек Зайытұлы, Ақмола облысы мәслихатының депутаты Айдын Төребаев, Қоғамдық кеңестің төрағасы, кәсіпкер, меценат Сайраш Матайбаева, қалалық мәслихаттың хатшысы Әлихан Қуатбеков, күйші Ардаби Маулет, танымал суретші, Қосшы қаласы эмблемасының авторы Толқын Табысбек, Қосшы қалалық Ардагерлер кеңесі төрағасы Кабдилбар Абаков бастаған зиялы қауым өкілдері Қосшының №3 орта мектебіндегі саябағына ағаш егіп, акцияға өз үлестерін қосқан еді. Осы шара барысында қала әкімі Гайдар Қасенов тазалық жұмыстары айлық аясымен ғана шектелмейтінін, одан ары қарай да жалғасатынын айтқан еді.
«Таза Қазақстан» акциясына Қосшыда тұратын көптеген мәдениет, өнер қайраткерлері қолдау білдіріп жатыр. Солардың бірі – қазақтың сүйікті әншісі, сазгер Нұрлан Өнербаев «Таза Қазақстан» жобасының жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін айтады.
«Біз Кеңес дәуірін көрген ұрпақпыз. Сол кезде сенбілік деген болған... Ал қазіргі «Таза Қазақстан» жобасының жастар үшін тәрбиелік мәні ерекше. Біз тұрған жерімізді, ортамызды, табиғатымызды қорғап, таза ұстауымыз керек. Жер шары адамзатқа берген сый, ал оны күтіп-баптау адамзаттың міндеті, парызы. Жеріміз жұтамасын, суымыз сарқылмасын, тауымыз шағылмасын десек оны күту керек. Мұның бәрі жастар үшін тәрбие», - дейді Нұрлан Өнербаев.
Ал «Өнегелі ұрпақ» акциясы аясында Қосшыда асылдың сынығы Ризабек Кемеңгеровтің отбасы мен «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының Ақмола облысы бойынша жеңімпазы Қазанғаповтар әулеті ағаш еккен.
«Атадан «мал қалғанша тал қалсын» деген ұлағатты сөз бар. Сол ұлы дәстүрдің жалғасы ретінде немерелерімізбен бірге ағаш егіп, республикалық акцияға өз үлесімізді қосып жатырмыз. Он жылдан бері жыл сайын үйдің айналысына ағаш егеміз. Соны балаларыммен және немерелеріммен бірге баптап, суарамыз», - деген еді Ризабек Кемеңгеров.
Бұдан бөлек Қосшы қаласының 3 жылдығы аясында да арнайы тазалық күні белгіленді. «Таза бейсенбі» акциясы аясында әкімдік және қаланың белсенді жастары адамдар көп жүретін көше мен жеке тұрғын аумақтарды қоқыстардан тазартты. Сонымен қатар Отбасы күні аясында «Табиғатқа құрмет отбасынан басталады» деген ұранмен отбасылық акцияда өтті. Отбасы мүшелері бірге жүріп, өздері тұратын аумақты қоқыстардан тазартып шықты. Шілде айында Қосшы қаласы мен Тайтөбе ауылының арасындағы Сарқырама өзенінің бойында облыстық экоплоггинг өтті. Плоггингтің әдеттегі жүгіруден ерекшелігі – адам қап алып, оған жолда кездесетін қоқыстарды жүгіріп жүріп жинайды. Жалпы, мұндай тазалық шаралары Қосшыда апта сайын тіпті үнемі ұйымдастырылып өткізілуде деуге болады. Оған жоғарыда айтып кеткен мысалдарымыз дәлел.
Тағы бір айта кететін жайт, Қосшыда 15 қыркүйек пен 20 қазан аралығында «Таза Қазақстан», «Таза Қосшы» деген ұрандармен экологиялық, санитарлық, тазалық айлығы өтіп жатыр.