Халықтық штаб: Атом реакторлары ұзақ уақыттан бері алдыңғы қатарлы елдердің сеніміне ие болды

Azattyq Rýhy

Штаб мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына барды 

Халықтық штаб: Атом реакторлары ұзақ уақыттан бері алдыңғы қатарлы елдердің сеніміне ие болды
Фото: Әли Ғалым

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штабтың өңірлерге сапары жалғасып жатыр. Бүгін Штаб мүшелері Солтүстік Қазақстан облысында болып, шаруалармен, өңірдегі белсенді азаматтармен, сондай-ақ ғылыми-сараптамалық қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесу өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мәселен, Чапаев ауылындағы «Қызылжар сүт» ЖШС алаңында Штаб мүшелері өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен кездесті. Соңғы 5 жылда СҚО-да сүт өндірісі 100 мың тоннадан астамға артты. Бүгінде ел аумағында өндірілетін сүттің 10%-дан астамы – осы өңірге тиесілі. Ал «Ауыл аманаты» жобасы аясында өңір тұрғындары жалпы сомасы 79 млрд теңгені құрайтын 12,7 мың несие алды. Аталған қаражат мал сатып алуға, шаруа қожалықтарына, жылыжайлар салуға, техниканы жаңартуға және тағы басқаға бағытталды. Бұл жобалар көп мөлшердегі әрі тұрақты электр энергияны қажет етеді. Осы орайда, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев АЭС – ауыл шаруашылығын одан әрі дамытуда стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

«Атом реакторлары – тексерілген және сенімді энергия көзі ретінде алдыңғы қатарлы елдердің сеніміне ие. Шын мәнінде, әлемде атом станцияларын барынша ерте әрі көп салу бойынша тартыс жүріп жатыр. Қазақстанда жеке атом өнеркәсібін дамытуға қажет барлық жағдай жасалған. Біз уран қоры бойынша 2-орында және оны өндіру ісінде 1-орында тұрмыз. Қазір апаттық жағдайлар үйреншікті жағдайға айналса, АЭС осы мәселені шешіп, тұрақты энергия көзінің кепілі болмақ. Сондай-ақ, ол ауыл шаруашылығы өндірісінің одан әрі өсуіне жағдай жасайды», – деді ол.

Шаруалар АЭС құрылысына мүдделі екенін атап өтті. Себебі ол кәсіпорындардың жүйелі жұмыс істеуіне қажет тұрақты әрі сенімді энергиямен қамтамасыз етеді. Бұған қоса, агроөнеркәсіп кешенінің одан әрі дамуына лайықты жағдай жасайды.

Бұдан соң Штаб мүшелері М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің студенттерімен және оқытушыларымен кездесті. Іс-шараға 100-ден астам адам қатысты. АЭС құрылысы жастарға жаңа мүмкіндіктер ашады. Атап айтқанда, лайықты жалақы төленетін онмыңдаған жаңа жоғары білікті жұмыс орындары құрылады. Осы мақсатта атом энергетикасын дамытудың болашақ мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кадр даярлау Жоспары әзірленеді. Соның негізінде жұмысқа қажет мамандар даярланады. М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде болашақ ондаған физиктер, химиктер, инженерлер мен энергетиктер білім алады. Штаб мүшелерінің пікірінше, АЭС арқылы олар өздерінің тың идеялары мен озық ғылыми әзірлемелерін жүзеге асыра алады.

Осы күні Штаб мүшелері «Raduga K. D. R» ЖШС көпсалалы зауытындағы қағаз өндірілетін цехқа барып, кәсіпорынның еңбек ұжымымен кездесті. Әңгімелесу барысында олар АЭС салынған жағдайда еліміздің экономикалық жағдайы қалай өзгеретінін айтты. Атап айтқанда, мұндай станцияның ұзақ уақыт жұмыс істеуі электр энергияның тұрақты тарифін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, Штаб мүшелері Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтараптық бойынша міндеттеме қабылдағанын еске салды. Яғни, көмір технологиясымен өндірілетін барлық тауарға қосымша салық салынады. Осылайша, АЭС құрылысы қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілетін күшейтеді.

Зауыттың бас директоры Дмитрий Шарапаевтың пікірінше, атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, елге озық технологияларды енгізуге және шетелдік инвестицияларды көбірек тартуға мүмкіндік береді. Кәсіпорынның еңбек ұжымы 6 қазанда өтетін референдумға белсенді қатысуға ниет білдірді.

Сонымен қатар, Халықтық штаб «AMANAT»-тың бастауыш партия ұйымдарының белсенділерімен кездесті. БПҰ АЭС салу идеясын ілгерілетуде шешуші рөл атқарады. Себебі олар ел аумағында ауқымды желіге ие және тұрғындарға ақпаратты тиімді жеткізе алады. Олар жергілікті жердегі беделі мен ықпалы арқылы адамдарға АЭС құрылысының ел болашағы үшін маңызын түсіндіреді, үрей мен күмәнді жоюға көмектеседі, сондай-ақ азаматтарды референдумға белсенді қатысуға жұмылдырады. Бастауыш партия ұйымдарының қатысуы қазақстандықтардың алдағы референдумда саналы және салмақты таңдау жасауында аса маңызды.

Жалпы, астықты өңір саналатын Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары энергетикалық проблемаларды шешу және тұрақты дамуды қамтамасыз ету ісіндегі атом энергетикасының маңызын түсініп, АЭС құрылысына толық қолдау білдірді. Олар атом станциясы құрылысына дауыс беруге ниетті.

Дайындаған: «Nur Media» ЖШС.

Тапсырыс беруші: М. Ж. Оспанов

«AMANAT" партиясы» ҚБ қаражаты есебінен төленді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.