Халықтық штаб өкілдері Арыс қаласына барды
Жергілікті халық көкейдегі сұрақтарын қойған

Халықтық штаб өкілдері Арыс қаласына барып, еңбек ұжымдарымен, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Дәлірек айтсақ, Республикалық штаб мүшелері Арыс аудандық орталық ауруханасының дәрігерлерімен, Арыс қаласының тұрғындарымен, №17 колледж ұжымымен және «Astana Raiway Services» ЖШС-да теміржолшылармен кездесті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елімізде Атом электр стансасын салу мәселесіне қатысты жалпыұлттық референдум биылғы жылдың 6 қазанында өтетінін жариялап, тиісті Жарлыққа қол қойған болатын. Кездесулерге Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұрсұлтан Байтілесов, Таңсәуле Серіков, Парламент Сенатының депутаты Әли Бектаев бастаған топтың қатарында «Ауыл» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Нұржан Әжіметов, «Байтақ» жасылдар партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бақытжан Қыдырбаев және Арыс қалалық Халықтық штаб өкілдері қатысты», - деп хабарлайды «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметі.
Дереккөзге сүйенсек, штаб өкілдері энергия тапшылығын азайтуда атом электр станциясының маңыздылығы туралы сөз қозғаған.
«Атом электр станциясының құрылысы Қазақстанның энергетикалық балансындағы көмір энергиясының үлесін азайтады. Бұл қазіргі уақытта әлемдегі ең жоғары энергия көзі. Осылайша, атом электр станциясының құрылысы 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің қабылданған Стратегиясын жүзеге асырудың негізгі қадамы болмақ. Бүгінгі таңда дүние жүзінде 62 реактор салынып жатыр, көптеген елдер атом электр станцияларының паркін кеңейту жоспарына кірісті немесе алғашқы атом энергетикасы бағдарламасын әзірлеуде», -деп атап өтті сенат депутаты Әли Бектаев.
Сондай-ақ, мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған басты саясат – халық үніне еститін мемлекет құру екенін атап өткен.
«6 қазанда өткелі жатқан референдум соның бір айғағы. Мақсатымыз – жаңа бастаманың елге, экономика мен әлеуметтік ахуалға тигізетін пайдасын жеткізу, түрлі алып-қашпа әңгімелердің алдын алу. Сонымен қатар болашағымыздың жарқын болуына септігін тигізетін, энергия тәуелсіздігін қамтамасыз етуге кепілдік болатын жобаны жан-жақты таныстыру. Ал, референдумда кім қандай таңдау жасаймын десе де өз еркінде. Дегенмен, әлемдегі білікті ғалымдар мұндай АЭС-тердің қауіпсіздігіне кепілдік беріп отырғанын, сол үшін де өзге елдер жаңа энергия көзінің құрылысын бастап кеткенін айта кету керек. Біз айтып отырған атом электр станциясы қауіпті болса, АҚШ, Ресей, Франция, Оңтүстік Корея, Украина сынды көптеген мемлекет ондаған АЭС салмас еді. Біз болашақта энергия тапшылығына тап болмауды, электрді шет елдерден бірнеше есе қымбат бағаға сатып алмауды бүгіннен бастап ойлауымыз қажет», - деді Нұрсұлтан Байтілесов.
Сонымен қатар, штаб өкілдері АЭС-тің артықшылықтары, экономикалық пайдасы жайында ақпарат айтып, азаматтардың сұрақтарына жауап берген.