Ақсуда көпқабатты тұрғын үйлердің 40 пайызға жуығы ыстық сусыз отыр
Облыс әкімі аталған мәселені шешу бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды
Ақсуда көпқабатты тұрғын үйлердің 40 пайызға жуығы ыстық сусыз отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембиновтің айтуынша, оның ішінде үш шағын ауданда 101 көпқабатты тұрғын үйге ыстық су берілмеген.
«Үшінші, бесінші және сегізінші шағын аудандарда аулаішілік жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер сегізінші және бесінші шағын аудандарда 10 қыркүйекке дейін, үшінші шағын ауданда 15 қыркүйекке дейін жұмысты аяқтайды», – деді Нұрлан Дүйсембинов.
Облыс әкімі Асайын Байханов аталған мәселені шешу бойынша жұмысты жеделдетуді тапсырды.
«Реконструкция жүргізілген жерлерде абаттандыру жұмыстарын жүргізу керек. Бұл – үш қалаға да қатысты мәселе. Себебі, тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Әрине, жердің бәрін қазу, ескі құбырларды жаңасына ауыстыру оңай жұмыс емес. Көп адамдар оны түсіне қоймайды. Дегенмен, абаттаныдыру жұмыстары көктемге қалып қоймасын», – деп ескертті аймақ басшысы.
Еске сала кетейік, облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында ауа райына байланысты жылу беру маусымын ерте бастау жайлы айтылған болатын.