Жамбыл облысының мұғалімдері «Томирис патшайым» үшін 4 мың теңге жинап, аяғына гүл тосқан (ВИДЕО)

Аягөз Құрмаш

Ол қайырымдылық жасаймын деп ескі-құсқы киім әкелген

Жамбыл облысының мұғалімдері «Томирис патшайым» үшін 4 мың теңге жинап, аяғына гүл тосқан (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысы Тереңөзек ауылында болған оқиғаның видеосы тарап кеткен еді. Ауыл тумасы Гүлсара Суасқызы басына тәж киіп, ақ түсті көліктен түседі. Оның етегін форма киген оқушылар ұстап жүр. Бұл оқиғаға қатысты Мадияр Ералұлы өзінің парақшасында тың мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тереңөзек ауылдық округінің әкімі Қанат Смат Мадияр Ераұлына мәселенің мән-жайын айтып берген екен. 

«Гүлсара Суазқызының ауылға арнайы келетінін маған мектеп директоры Эльмира Зәкімбаева хабарлады. Директордың айтуынша, ол кісінің мектепке сонау Алматыдан арнайы алып келе жатқан қайырымдылығы бар деді. Содан мен аудан орталығына хабарластым. Жағдайды толық хабарлап жеткіздім. Басшылық тарап ол кісіні жақсы білесіңдер ме, кім ол, қандай адам деп сұрады. Мен өзім көрмеген кісім, бірақ мектепке деген қайырымдылық іс-әрекеттері бар дедім. Онда өздерің қараңдар, бірақ мәселе туындап жүрмесін деп ескертті аудан басшылығы», - дейді Қанат Смат.

Округ әкімінің айтуынша, «Томирис патшайымның» қасында адамдар болған соң, ауылдың мәдениет үйіне концерт ұйымдастырған.

«Гүлсара Суазқызы жалғыз емес, қасында бірнеше журналист пен қатар әншілерде бар деген соң біз ауылдық мәдениет үйінде концерт ұйымдастырайық деп шештік. Ол концертті ұйымдастырып бердік. Бар болғаны сол. Ал ол кісінің көйлегінің етегін ұстап жүрген мектеп оқушыларына біздің еш қатысымыз жоқ», - дейді ол.

Іс-шара барысында Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркеповтің арнайы алғыс хатын аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы тапсырған.

«Ол кісіні медицина ғылымдарының докторы, белгілі емші әрі ауылға қайырымдылық жасап жатқан соң алғыс хатты беруімізге тура келді. Біз бастапқы кезде ол кісіні толық білмедік қой. Кім білген соңы осындай мәселелерге айналып кететінін», - дейді Қанат Смат.

Сондай-ақ директордың тәрбие жөніндегі орынбасары Айбек Сайлаубаев іс-шараны кімдер ұйымдастырғанын айтқан.

«Бұл іс-шараны ұйымдастырған мектеп емес. Мұны ұйымдастырған аудандық ішкі саясат бөлімі. Бізге яғни, мектепке 100 киім-кешек береді, «Мектепке жол!» акциясы аясында демеушілік жасайды деп шақырған соң біз де бардық. Іс-шараның басы-қасында жүрдік. Кейіннен біз ол кісінің тәуіп пе, бақсы ма деп түсіне алмадық. Гүлсара Суазқызының жеке мәліметіне зер салсақ сұмдық. Медицина ғылымының докторы, академик дейді. Бірақ ісі мен әрекеті оған үйлеспейтін сияқты. Ол кісімен еріп келген журналистің бірімен тілдесіп, қонағымыз туралы мәліметтер сұрастырып көрдім. Оның айтуынша, олардың бәрін қыруар қаржымен жалдап келген екен. Расында да, ауылдың қызы болса да ол кісі туралы толық білмейміз. Әлгі қасында жүрген журналистер мен блогерлердің айтуынша, Алматыда маскүнемдер мен нашақорларды емдейтін емші болып шықты. Әр мұғалімнен 4 мың теңге жиналғаны рас. Мектепке көмектеседі деген соң өз еркімізбен ерікті түрде жинап бердік.», - дейді ол.

Сайлаубаев атағандай, ауыл мектебіне жасаған қайырымдылығын қайырымдылық деп айту қиын.

«Қысқасы мектепке деп берген киім-кешектері ескі-құсқы, иістеніп кеткен көйлектер болып шықты. Оны біз ауылдың мешітіне қайтарып жібердік, олар қайтадан бізге беріп жіберді. Ешкімге қажеті жоқ компьютер, сынған картина, ескі-құсқы ойыншықтар берген. Мектеп директоры ол кісіге қайта хабарласып, мына ескі-құсқы заттарыңыз қажет емес, алып кетіңіз деп айтқан. Кейіннен Гүлсара Суазқызы өзі қайта хабарласып мектеп қорына 500 000 теңге аударам деген. Бірақ та әлі аудара қойған жоқ-ау. Аударды деп естіген жоқпын», - дейді ол.

Редакция осы мәселеге қатысты облыстың білім басқармасы мен оқу-ағарту министрлігінен қосымша комментарий сұрайды. 

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.