$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.09.2024, 16:45
Қоғам

Депутат АЭС туралы: әлемдік зауыттарды тарту үшін бізге тұрақты энергия керек

Бейсенбаевтың айтуынша, АЭС – бұл заман талабы

Депутат АЭС туралы: әлемдік зауыттарды тарту үшін бізге тұрақты энергия керек
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев атом электр станциясы Қазақстанға тұрақты энергия беретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың сөзіне сенсек, бір ғана реактордың өзі 2,5-3 мың мегаваттқа дейін тұрақты энергия береді.

«Кез келген инвестор күннің, желдің немесе ГЭС-тің энергиясына келмейді, ол «маған тұрақты энергия керек» деп айтады. Өйткені зауытын тоқтата алмайды, ол бір өнім береді, белгіленген экспорттық келісімшарттары болады. Сол себепті әлемдік зауыттарды тарту үшін оларға тұрақты энергия қажет. 2,5-3 мың мегаватт деген өте ауқымды. Оны бір ғана реактор береді, ал болашақта оны күшейтуге болады. Оған қоса АЭС деген –  өте жоғары технология, үлкен масштабты жоба. Жаңа ғана мемлекет басшысы әлемде отыз мемлекетте 200-ден астам АЭС бар деді. Сол екі жүзден астам АЭС-те 450-ден астам реактор бар. Біз Фукусиманы, Чернобыльды айтамыз, бірақ бұл мемлекеттердің ешқайсысы атом электр станциясынан бас тартқан жоқ. Керісінше олар салып жатыр. Көршіміз Қытай алдағы онжылдықта тағы елу реактор саламыз деп жатыр. Олар толығымен көмір энергетикасынан бас тартпақ. Көрдіңіз бе, бұл заманның талабы», - деді Бейсенбаев журналистерге парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін.

 Депутаттың айтуынша, Қазақстанға III, III+ буындағы реакторлар қажет.

«Оны салатын мемлекеттер, қателеспесем, Оңтүстік Корея, Қытай, Ресей және Франция. Енді оны уақыт көрсетеді, ол мемлекеттер бағасына, келісімшартқа келіспеуі де мүмкін. Сосын біздің тарапымыздан АЭС салатын мемлекеттерде атом электр станциясының бұрандалары, қажетті заттары бар ғой, соның кемінде 90 пайыз локализациясы сол елде болуы керек деген шарт қою керек. Ол ертең санкцияға түсіп қалса, біз басқа жерден ала алмай қалмауымыз керек. Сол себепті біз соған мән беруіміз керек. Қалған он пайыз локализациясын Қазақстанда жасауға болады», - дейді мәжілісмен.

Бейсенбаев АЭС он жыл ішінде өз-өзін ақтамайтынын айтты.

«Ол он жыл салынады, үлкен инвестиция, жаңа технология. Біріншіден, АЭС бізге инвестицияның келуін қамтамасыз етеді. Кез келген мемлекетте әлемге танылған инвесторлар көп болса, бұл мемлекеттің тұрақтылығы, болашағы, мүмкіндігі кең болады. Өйткені бұл мемлекетте соғыс болу қаупі төмендейді. Өйткені инвестиция ғой. Олардың барлығы ертең тұрақтылықты қамтамасыз етеді», - дейді депутат.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауында АЭС туралы жалпыұлттық референдум 6 қазан күні өтетінін жариялады.

Серіктес жаңалықтары