«Сіз неге мені ұстайсыз»: Бас мүфти журналистерден «қорқып», сұрақтарға жауап бере алмады (ВИДЕО)
Бүгін президенттің Жолдауын тыңдау үшін Бас мүфти үкімет ғимаратына келді
Бүгін парламент палаталарының бірлескен отырысына келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистердің сұрағына дұрыс жауап бере алмады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Azattyq Rýhy тілшісі Бас мүфтиге елдегі өзекті мәселенің бірі – көп әйел алу тақырыбында нақты сұрақ қойды. Дәлірек айтсақ, қазір әлеуметтік желіде, telegram арналарда «екінші, үшінші әйел болуға дайынмын» деген жасырын жарнамалар жүреді. Журналист «мүфтият осы мәселенің бар екенін біле ме, ұйым бұл бағытта қандай шара қолданып жатыр, елде кәмелет жасына толмаған балалардың үйленіп жатқаны дұрыс па» деген сұрақ қойды.
Бұл сұрақтарды түсінбеген кейіп танытқан ол «сіз неге мені ұстап жатырсыз, біз жиналысқа келдік қой» деп тоқтамай, жүре беруге тырысты. Алайда, жан-жағынан қаумалаған журналистер БАҚ үшін пресс-конференция өткізбейтін Бас мүфтиге өзекті сұрақтарын қойып жатты. Айтпақшы, Бас мүтфи діни басқарма ашық ұйым екенін алға тартып, «біз жылына екі рет, Ораза айт пен Құрбан айт қарсаңында баспасөз мәслихатын өткіземіз ғой» деп «ақталды». Айта кетейік, журналистер бұл ретте діни мерекелер емес, елдегі дінге қатысты проблемалар туралы сұрақ қойғысы келетіндерін айтты.
Ал, редакция тілшісінің көп әйел алуға қойған сұрағына бас мүфти нақты жауап берген жоқ.
«Біздің салтымыз бойынша, шариғатымыз бойынша, ер кісі болсын, әйел кісі болсын, балағат жасына толғаннан кейін үйленеді. Құран Кәрімде «өздеріңнің қалаған әйелдеріңе үйленіңдер» дейді. Балағат жасына толғаннан кейін үйленеді және бірінші мәселе ата-ана балаға тәрбие беру керек. Текті жерден үйлен дейді. Ер кісі болсын, әйел кісі болсын, текті жерден, ата-анасына қарап, ата-анасымен сөйлесіп үйлену керек. Ата-ана баласына дұрыс тәрбие беріп, қыз бала болсын, ер адам болсын таңдаған кісілеріне үйлену керек», - деді ол көп әйел алу мәселесіне қатысты ол.