«Әйтеуір, тастамаймыз»: Ермек Көшербаев қаза тапқан 5 кеншінің отбасына қандай көмек бермек

Молдатай Сымбат

KAZ Minerals компаниясының шахталарына тергеу жүреді

Комиссия 2 күн ішінде бес адам опат болған KAZ Minerals компаниясының шахталарына тергеу жүргізеді. Бұл туралы ШҚО әкімі Ермек Көшербаев мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бес кеншінің ішінде үш отбасыға барып көңіл айтқан Ермек Көшербаев марқұм кеншілердің отбасына қандай көмек берілетінін айтып берді.

«Ол жерде комиссия құрылған. Мен 5 адам қаза тапқан апаттан кейін үшеуіне кіріп шықтым. Екеуі ауылда тұратын, біреуі қаланың ішінде тұратын, үлгеруге тырыстым. Әрине, қайғылы жағдай. Әрқайсысының жағдайы бөлек қой. Кейбірі, мысалы, жағдайы жақсы, кейбірінің жағдайы төмендеу. Тергеу жұмыстары және де комиссия жұмысы біткен соң, бірге жиналып, балаларды мектепке орналастырамыз. Одан кейін бір азаматтың жұбайы жұмысқа тұрамын деп өтінішін білдірді, жұмысқа тұрғызамыз. Әйтеуір, тастамаймыз. Компания жауапкершілігі, тергеу бітсін, сосын белгілі болады», - деді әкім.

Айта кетерлігі, ШҚО-дағы Артемьев және Ертіс шахталарында болған апаттан 5 кенші опат болды. 31 тамызда шамамен 17 сағат 30 минутта Ертіс шахтасында төрт адам қаза тапты. Қайғылы жағдайдың алдын ала себебі – газға тұншығып, улану.

1 қыркүйекке қараған түні Артемьев шахтасында тағы бір адам опат болды.

ШҚО-дағы Ертіс және Артемьев шахталары KAZ Minerals компаниясына тиесілі.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.