«Бала –өмірдің гүлі»: Қосшыда 3-5 жастағы бүлдіршіндер арасында сән байқауы өтті
Байқауға қаладағы 11 балабақшадан 3-5 жас аралығындағы 21 бүлдіршін қатысты

Қосшы қаласында Конституциясы күніне орай алғаш рет «Бала - өмірдің гүлі» KIDS FASHION сән байқауы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Байқаудың мақсаты - балалардың бойындағы эстетикалық тәрбие мен көркемдік талғамдарын қалыптастыру. Сән өнеріне деген сүйіспеншіліктерін ояту.
«Кішкентай бүлдіршіндерге арналған мұндай сән конкурсы елімізде және әлемнің көптеген елдерінде өтіп жүр. Бұл жалпы тәжірибеде бар. Алайда осындай шара біздің қаламызда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Алдағы уақытта мұндай конкустар жиі өтеді. Себебі бала өмірдің гүлі, болашағы. Балаларды әдемі, өнерлі әрі білімді болып өсіру біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Қазір Қосшы қаласында шамамен 50-ге жуық балабақша бар. Осы шараға 11 балабақшының өнерлі бүлдіршіндері қатысты. Жалпы конкурс жоғары деңгейде өтті деп айта аламын», - дейді Қосшы қаласы Ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Көңбайқызы.
Кішкентай өнерлі бүлдіршіндер екі кезең бойынша, атап айтқанда гүл үлгісінде киім кию және киім үлгісіне сай өнер көрсету, соло (ән, би) бойынша бақтарын сынады.
Гүл үлгісінде киініп шыққан бүлдіршіндердің сәні бірінен-бірі асады. Олардың таза әрі пәк әлемін гүл одан әрі әдемілей түскендей әсер сыйлайды. Осы ретте бүлдіршіндердің байқауға дайындаған балабақша тәрбиешілері мен олардың ата-аналарының еңбегін де ерекше атай кеткен жөн.
Байқауға қалалық мәслихаттың депутаты Ирина Осипова, қоғамдық кеңестің мүшесі Мунира Шарафутдинова-Рсалиева, ҚР мәдениет саласының үздігі, әнші Нұрболат Сейтмұратов, қалалық мәдениет үйінің хореографы Әсел Қалыбаева, қалалық білім бөлімінің әдіскері Гаухар Мейірманова сынды өз саласының білгір мамандары төрелік етті.
«Кішкентай бүлдіршіндер арасындағы сән әрі өнер байқауы өте жоғары деңгейде өтті. Қатысқан әрбір баланың әрқайсы әдемі, киім үлгілері бір-бірін қайталамайды. Бүлдіршіндердің үлкен сахнаға шығуының өзін ерлік деп айтар едім. Олар сахнаға жай ғана шығып қоймай, ән айтып, өздерінің өнерлерін ортаға салды. Кішкентай ғана балаларға баға беріп, өнерін бағалау қазылар алқасына қиындау тиді. Себебін жоғарыда айттым ғой әр бала өзінше талантты, дара. Алайда конкурс болғандықтан біз өзіміздің таңдауымызды жасадық», - дейді қазылар алқасының мүшесі, қалалық мәдениет үйінің хореографы Әсел Қалыбаева.
Сонымен байқау қатысушылары келесідей жүлделі орындармен және сыйлықтармен марапатталды:
3 жас санатында:
І орын – Асхат Аружан
ІІ орын – Қазбек Әнуар, Зекенова Аянат
ІІІ орын – Айкөркем Айдосқызы, Афина Малиновская, Еркін Айзере.
4 жас санатында:
І орын – Әзімхан Айша;
ІІ орын – Шәмшиддин Әдемі, Әсембай Аяла;
ІІІ орын – Ерболсынқызы Азиза, Марғұланқызы Саида, Абай Асылым.
5 жас санатында:
І орын – Айтбай Нұрай
ІІ орын – Рахим Айлин, Даутбек Медина;
ІІІ орын – Каримова Медина, Бақытжанқызы Айя, Қарабай Қарақат, Әлімхан Ақерке, Жанаспаева Луина, Игілік Әдия.
Айта кетейік, Қосшыда Конституциясы күніне орай өтіп жатқан шаралар мұнымен шектелген жоқ. Бүгін қалада Конституциясы күніне арналған салтанатты жиын өтті. Қала әкімінің орынбасары Берген Жұмкейұлы мерекелік шараға қатысушыларды құттықттап, түрлі салада қызмет етіп, қаламыздың дамуы жолында еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтарға марапаттар табыс етті.