1 қыркүйектен бастап елімізде қандай өзгерістер болады
Денсаулық және білім саласына бірқатар өзгерістер енгізілмек
Биыл 1 қыркүйектен бастап елімізде қандай өзгерістер болатынын Azattyq Rýhy әзірлеген шолудан оқи аласыздар.
Несие алу үшін жұбайыңның келісімі керек
ҚР қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2024 жылғы 16 тамыздағы қаулысымен жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының келісімін және банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшерін алу қағидаларын бекітті.
Республикалық бюджет туралы заңмен тиісті қаржы жылына белгіленген 100 АЕК көлемінде (2024 жылы 3 692 000 теңге) банктік қарыз немесе микрокредит алуға жұбайының (зайыбының) келісімі қажет болатын банктік қарыздың немесе микрокредиттің (қайта қаржыландырылуға тиіс қарыздарды қоспағанда) ең төменгі мөлшері бекітіледі.
Жеке тұлғаға кредит берілгенге дейін кредитор уәкілетті мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі арқылы клиенттің тіркелген некесінің бар-жоғы туралы ақпаратты тексереді не кредиттік бюролардан АЖ-да бар ақпаратты алады.
Тұрғындар заңсыз алған несиені төлемейді
Биыл 1 қыркүйектен бастап ерікті түрде кредит алудан бас тартқан қазақстандықтар өз атына заңсыз рәсімделген несиені төлемейді. Банктер мұндай қарыздарды есептен шығаруға міндеттеледі.
Қазақстанда кредиттен өз еркімен бас тарту құқығы 2024 жылы ақпанда енгізілді. Азаматтар электронды үкімет порталы арқылы өз атымнан несие алмаймын деп шектеу қоя алады. Қазіргі таңда 461 мың адам кредит алудан ерікті түрде бас тартқан. Енді он күннен кейін осы құқығын пайдаланған азаматтарды қорғайтын норма күшіне енеді. Яғни банктер кредиттен бас тартқан азаматтардың атына заңсыз рәсімделген несиелер бойынша берешекті есептен шығаруға міндеттеледі.
«Заңмен 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап кредиторлар үшін азаматтардың кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу кезеңінде заңсыз рәсімделген кредиттері бойынша борышты есептен шығару міндеті енгізіледі», - деп мәлімдеді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.
Сонымен қатар 2024 жылғы 20 тамыздан бастап биометриялық идентификациядан өтпеген клиентке электронды банк кредиті мен онлайн микрокредит беруге тыйым салынды. Бұған қоса кредиторлар алаяқтар алған кредиттер бойынша тергеу жүргізіліп жатқан уақытта сыйақы есептеуді және талап-арыз жұмысын тоқтата тұруға міндетті болады.
Электромобильдер салық пен утильалым төлемейді
Қазақстанда электромобильдерді қуаттау станциялары жетіспейді, ал оларды бокста немесе паркингте өз бетінше зарядтауға тыйым салынады. Электр көлігі иелерінің осы және басқа да мәселелерін қабылданған заң шешті. Жаңа ережелерде олар 2024 жылдың 18 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
Мемлекет басшысы 18 шілдеде көлік және электр көліктеріне арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа Заңға сәйкес «гибридті автомобиль» және «электромобиль» ұғымдары енгізіледі. Электромобильдер автотұрақ пен паркингтерде арнайы орындармен қамтамасыз етіледі, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.
Сонымен қатар электрокар иелері салық пен утильалым төлемейді. Бүгінгі таңда әлемде электромобильдерге деген сұраныс артып отыр.
Жаңа оқу жылында жаңа сабақ түрі енеді
Еліміздің барлық балабақшалары, мектептері және колледждерінде 1 қыркүйектен бастап балаларға қорғану негіздері бойынша оқыту сабақтары ұйымдастырылады. Осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Жеке бас қауіпсіздігі» тақырыбында 130 сабақ әзірледі.
Мақсаты – балалардың бойында жеке қауіпсіздігі пен басқаларды қорғауға қатысты саналы және жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының айтуынша, балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, сабақта балаларды ынталандыратын жайлы жағдай жасалады.
Стипендия көлемі артады
2024 жылғы 1 қыркүйектен баст ап колледждер мен ЖОО студенттеріне арналған стипендиялар артады. Колледж студенттері үшін шәкіртақы 50 пайызға артып, жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңгені құрайды.
Бакалавриат студенттерінің стипендиясы 20 пайызға артып, 47 135 теңгеге дейін, ал педагогика және медицина бағыттарындағы білім алушылардың стипендиясы 75 600 теңгеге дейін ұлғаяды.
Интернатурада оқитындарға стипендия 85 376 теңге, ал резидентурада – 123 122 теңге көлемінде төленеді. Магистранттар мен докторанттарға стипендия 15 пайызға ұлғайтылады, оның мөлшері тиісінше 107 061 теңгені және 240 мың теңгені құрайды.
11 жастағы қыздарға папиллома вирусына қарсы екпе салынады
Биыл қыркүйекте 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу басталады.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация үшін адам папиллома вирусының ең онкогенді түрлерінен қорғайтын АҚШ-тың 4 валентті «Гардасил» вакцинасы қолданылады.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады және жалпы халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға, онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді.
Бүгінде адам папиллома вирусын жұқтырмаудың және жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. 135 ел адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияның тиімділігін ескере отырып, бұл вакцинаны ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді. Оның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттері бар.
Маска тағу міндеттеледі
15 қыркүйектен бастап дәрігерлерге маска тағу міндеттелді. Денсаулық сақтау басқармаларының басшылары қыркүйектің 1-інен бастап медициналық ұйымдарды тұмауға қарсы екпеге дайындау керек.
Медицина қызметкерлеріне мынадай міндеттер жүктелді:
Белгіленген мерзімде вакцинациялауға құқығы бар адамдардың тізімін жасау;
Вакцинаны сақтау және тасымалдау нормаларын ұстану;
Егу кабинеттері мен бригадаларын екпеге дайындау және асқынған кезде шұғыл көмек көрсету.
Тұмауға қарсы екпе салынады
Биыл тұмауға қарсы ресейлік «Гриппол» вакцинасының 2,2 млн дозасы сатып алынды. 1 қыркүйекке дейін барлық медициналық ұйым вакцинацияға дайын болуы тиіс.
Медициналық қызметкерлер, балалар, жүкті әйелдер, созылмалы ауруы бар ересек адамдар, медициналық-әлеуметтік ұйымдарда тұратындар екпені тегін алады. Азаматтардың қалған санаты екпені ақылы түрде алуына болады.
Жыл сайын елімізде халықтың 12 пайыздан астамы тұмауға қарсы екпе алады.