Астана әкімдігі Германиядан сатып алған ағаштары жерсіне ме, жоқ па, білмейді
Мәслихат депутаттары ағаштардың есебін жүргізуді талап етіп жүргеніне үш жыл болған
Астана қалалық мәслихатының депутаттары кезектен тыс сессияда елорданы көгалдандыруға бөлінетін бюджет қаражатының тиімді жұмсалып жатқанына күмән келтірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Мәслихат депутаты Владислав Сергеевтің айтуынша, жыл сайын бюджеттен ағаш егуге қыруар қаражат бөлінеді, бірақ ағаштар жайқалып өсудің орнына қурап жатыр. Депутаттар жасыл желекті есепке алу жүйесін енгізуді сұраған. Бірақ ақша бөлінсе де, бұл мәселе үш жыл бойы шешімін таппаған.
«Біз көгалдандыруға, жаңа ағаштар мен бұталарды отырғызуға жыл сайын қомақты ақша жұмсаймыз. Бюджеттің ондаған миллиард теңгесі осыған кетіп жатыр. Үш жыл өтті, мәселе шешілген жоқ. Бізге дәл осы мінберден басқарманың үш басшысы осы жүйені енгізуге уәде еткен. Есеп болмаса, бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланып жатыр деген сөз. Біз қазір республикалық бюджеттің де, қалалық бюдежттің де жағдайын көріп отырмыз. Осыншама көп ақшаны жұмсап отырғанда, біз қанша ағаш егілді, қаншасы кесілді және нақты қай жерде жаңа ағаштар отырғызылды, осыны анық көруіміз керек. Бізде кесілген ағаштардың орнына отырғызылған жаңа ағаштар қурап жатады. Мұндай фактілер де бар. Мұның бәрі есептің жүргізілмеуінен. Жуырда біз осы тақырыпқа арналған бөлек сессия өткіземіз. Мен осы жүйеге қатысты мәселеге нүкте қоюды сұраймын», - деді Сергеев қалалық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында.
Халық қалаулысы Бауыржан Смайылов та әріптесінің сөзін құптады.
«Әріптестерімнің айтқанына толық қосыламын. Мысалы Сарбұлақ бойында егілген ағаштар қурап жатын. Ешқандай жұмыс жоқ. Қаншама қаражат бөлінді, ал ағаштар қурап жатыр. Жақында ашылған Көктал саябағында да ағаштар қурап жатыр. Сіздің басқармаңыз осы мәселеге көңіл бөлуі керек. Қаншама қаражат жұмсаймыз, ал нәтиже жоқ», - деп ашуланды ол.
Бұған қоса мәслихат депутаты шетелден сатып алынатын ағаштардың «тағдыры» не болып жатқанын сұрады.
«Осы шетелден әкелінген ағаштар, талдар қай көшелерге егілді? Бүгінгі күні жағдайы қалай? Бюджеттен бөлінген қаражат қой», - дейді Смайылов.
Бұл сұраққа Астана қаласы қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов жауап берді. Оның айтуынша, ағаштар Германиядан жеткізілген.
«Германиядан әкелген ағаштар егілді. Биыл екі мыңға жуық ағаш отырғыздық. Мәңгілік ел көшесінде, «Ұлытау» аллеясында. Сондай-ақ Тәуелсіздік сарайы алаңында, «Астана аренаға» жартылай отырғыздық. Ағаштар жерсініп кете ме, жоқ па алдағы үш жылда белгілі болады. Қазір бейімделу сатысында, жалпы жай-күйі жақсы», - деді шенеунік.
Бұған дейін біз Астана қаласының әкімдігіне қарайтын «Астана – Зеленстрой» ЖШС қылқан жапырақты және жапырақты бұта көшеттеріне тендер өткізгенін жазған едік. Оның нәтижесі бойынша әкімдік бір жыл ішінде жалпы сомасы 282 355 346 теңгеге көшет сатып алатын болды.