Алматы полициясы қалта ұрыларының әрекет ету тәсілдерін көрсетті

Azattyq Rýhy

Полицейлер адамдардың аңғалдығы мен салғырттығы қылмыскерлерге қолайлы жағдай туғызатынын айтты

Алматы полициясы қалта ұрыларының әрекет ету тәсілдерін көрсетті
Фото: Polisia.kz

Алматы қалалық полиция департаменті қалта ұрыларының әрекет ету әдістерін бейнелейтін арнайы репортаж дайындап, қала тұрғындарына сақтық шараларын ұстануға кеңес берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Бейнероликте ұрылардың қоғамдық көлікте қалай жұмыс істейтіні көрсетілген. Полиция өкілдерінің айтуынша, көп жағдайда қалта ұрлығы дәл осы қоғамдық көліктерде орын алады, себебі адамдардың аңғалдығы мен салғырттығы қылмыскерлерге қолайлы жағдай туғызады.

Бейнематериалда азаматтарға ұялы телефондар мен әмияндарды қай жерде сақтау қауіпсіз екендігі туралы нақты кеңестер берілген.

«Бұл бейнежазба жас шектеусіз кең аудиторияға арналған. Әсіресе, балалар, мектеп оқушылары мен студенттер адамдар көп жиналатын орындарда өз мүлкін қорғау шаралары туралы хабардар болуы тиіс. Олар оңай олжаға қызығатын қылмыскерлердің нысанасына айналуы мүмкін», - деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қуатбек Науатов.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы уақытта Алматыда қалта ұрлықтарының саны 33,8%-ға азайған. Бұл көрсеткіш полицияның алдын алу шараларының тиімділігін көрсетеді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.