Арыққа итеріп жіберді: Алматыда жас қызды өлтірген ер адамға қатысты үкім өзгерді
Ер адам алғашқы кездесуде қызды қатты итеріп құлатып, өлтірді
Сот алқасы алматылық арудың өліміне қатысты іс бойынша айыпты деп танылған ер адамның үкімін қайта қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Алматы қалалық сотында жеке адамға қарсы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылған, яғни абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін Т.-ға қатысты қылмыстық іс апелляциялық тәртіппен қайта қаралды», - деп хабарлады Алматы сотының баспасөз қызметі.
Ер адам абайсызда кісі өлтіргені үшін кінәлі деп танылып, 2 жыл, 6 айға сотталған. Алайда, екінші тарап бұл шешіммен келіспей, шағымданғандықтан, сот алқасы істі қайта қарады.
«Т. сот алқасының қаулысымен абайсызда адам өліміне әкеп соқтырған денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды (қылмыстық кодекстің 106 - бабының 3-тармағы) және оған 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - делінген хабарламада.
Қайтыс болған қыздың әпкесінің айтуынша, Айнагүл Кеншебаева жігітпен бір сағатқа ғана кездесуге келіскен. Құрбысына жазған. Кетпек болған кезде жігіт қарсы болып, телефонын тартып алған. Артынша телефонын лақтырып, қыздың өзін арыққа итеріп жіберген. Өзі жедел жәрдем шақырмай кетіп қалған. Қыз алған жарақаттары салдарынан сол жерде көз жұмады.
Мерзімді өзгерту туралы қаулы заңды күшіне енді.
Марқұм фармацевтикалық компанияның директоры болып жұмыс істеген.