Өтініш берген 109 мың борышкердің 15 мыңы ғана банкрот деп танылды
84 мың өтініш қанағаттандырылмаған

Қазақстанда былтыр көктемнен бері жалпы қарызы 35 млрд теңгені құрайтын 15,1 мың азамат банкрот деп танылды. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
19 тамыздағы жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 109 мыңнан астам өтініш келіп түскен. 6,3 мың азаматқа қатысты рәсім жүргізілуде. 1,8 мың өтініш қаралып жатыр.
«84,2 мың азаматтың өтініші қанағаттандырылған жоқ. 1,9 мың өтініш берушіге қатысты рәсім тоқтатылды. Барлығы 35 млрд теңгеден астам сомаға 15,1 мың азамат банкрот деп танылды», - делінген хабарламада.
Айта кетері, 2023 жылы 3 наурызда елімізде банкроттық туралы заң күшіне енді. Қазақстандықтарға қарыз мәселесін шешудің үш жолы ұсынылған: соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру.
Банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі 1600 АЕК-тен, яғни 5,9 млн теңгеден аспайтын борышкерлер соттан тыс банкроттық рәсімін қолданады. Банкроттыққа өтініш ХҚКО-да, электронды үкімет порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы беріледі.
Алты айға созылатын рәсім барысында борышкердің және оның жұбайының шотта ақшасы немесе мүлігі бар ма, жоқ па, барлығы тексеріледі.