Алакөлде түйінді мәселе көп: демалушылар дәретхана мен қоқыс жәшігінің жетіспейтініне наразы
Биыл белгіленбеген жерге қоқыс тастаған 50 адам айыппұл арқалаған
Алакөлдің Абай облысындағы бөлігінде дәретхана мен қоқыс жәшіктері жетіспейді. Әлеуметтік желіде осындай шағым көп. Демалушылардың айтуынша, көл жағалауының тазалығына жауапты мекеменің техникалары ескіріп, тозығы жеткен. Ал жергілікті биліктің айтар өз уәжі бар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.
Алакөлдің Абай облысындағы жалауына жылда мыңдаған турист келіп демалады. Дегенмен келушілердің көпшілігі жағалаудың санитарлық жағдайына көңілдері толмайды. Дәретхананың аздығы, қоқыс жәшіктерінің жеткіліксіздігі өз алдына, демалушылардың барлығы бірдей тазалық сақтай бермейді. Бұған туристердің өздері қынжылыс білдірді.
Тәртіп сақшылары маусым сайын Алакөлдегі қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайды. Биыл белгіленбеген жерге қоқыс тастаған 50 адам айыппұл арқалаған. Полиция қызметкерлері қырағылық танытып, ескерту бергенімен, айтарлықтай нәтиже байқалмайды.
«Белгіленбеген орынға қоқыс төккендерге ҚРӘҚК 505-бабы бойынша және қоқыстарды лақтырғандарға 434-баптары бойынша хаттамалар толтырып, 50-ден астам адамға айыппұл салынды. 505-бапта ескерту бар, одан кейінгі 10 АЕК», - деді Мақаншы аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Мират Ақашев.
Алакөлде түйінді мәселе көп екенін коммуналдық қызмет басшысы жасырмайды. Көл жағалауында қазір 12 дәретхана жұмыс істеп тұр. Келесі жылы тағы төртеу іске қосылады. «Ал қоқыс жәшіктері күніне 3 уақыт жиналады» дейді коммуналдық қызмет басшысы.
«Демалушылар өздерімен бірге үлкен коробкалар мен қойдың еттерін тастамайды ғой. Олар тек темекінің тұқылдары мен бөтелкелерді тастайды. Негізгі қоқыс демалыс үйлері мен кішкентай дүңгіршек иелерінен, кәсіпкерлерден шығады. Бәрі орталыққа әкеліп төгеді. Тазалау уақытымыз күнделікті таңғы сағат 4-тен сағат 8-ге дейін. Ол – халықтың аз кезі. Барлық тракторларымыз кіреді. Мүмкіншілік бар», - деді коммуналдық қызмет басшысы Ақжайық Абылқасымов.
«Оның бәріне ақша төлеп отырмыз ғой. Күнделікті жинайтын адамдар 6-да келеді де, бәрін алып кетеді. Бізге тариф қойып қойды ғой, біз оны төлеп жатырмыз. Бірақ олар жұмысын істемесе, біз кінәліміз бе?», - деді кәсіпкер Алмас Нығметов.
Жағалаудағы өзекті мәселелер келесі жылы толықтай шешімін таппақ. Көл жағасында кәріз жүйелері тартылып, қоқыс жәшіктері мен дәретханалар орнатылады.