ШҚО-да тас жолдың бойынан талға байланған ит табылды
Қазіргі уақытта ит «Досым» паналау орталығына жеткізілді

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен – Шемонаиха автожолы маңында ағашқа байланған ит табылды. Жануарды байқап қалған адамдар бірден зооқорғаушыларға қоңырау шалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.
«Досым» атты жануарлар паналау орталығының мәліметінше, жас американдық питбультерьер итін қаладан 60 шақырым қашықтыққа апарып, орманға барлық заттарымен бірге байлап кеткен. Иттің қасында ыдыс пен тұмылдырық болған.
«Ит қабаған емес. Өзіне сеніп тапсырылған аумақты қорғап отырды. Ол жіпті шайнауға немесе мойнындағы қарғыбаудан шығуға тырыспаған. Ол сол жерде қанша уақыт отырғанын ойласақ, қорқынышты. Біз оны алып кетіп, үстін кенеден тазарттық», — деп жазады зооқорғаушылар.
Қазіргі уақытта ит «Досым» паналау орталығына жеткізілді және оған Спайк деген ат қойылды. Енді зооқорғаушылар оған жаңа иелер іздеуде.