Атырауда мемлекетке 9,7 млн теңге залал келтірген айыпталушыға сот үкімі шықты

Azattyq Rýhy

Сотталушы бұған дейін де істі болған

Атырауда мемлекетке 9,7 млн теңге залал келтірген айыпталушыға сот үкімі шықты
Фото: istockphoto.com

Атырауда мемлекетке 9,7 млн теңге залал келтіргені үшін сотталушының бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыруға ауыстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық сотқа сілтеме жасап.

Атырау облыстық соты бекіре тұқымдас балықтарды заңсыз сақтағаны үшін айыпталған сотталушыға қатысты апелляциялық шешім шығарды. Бұрын 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған азаматтың жазасы мемлекетке келтірілген 9,7 миллион теңге залалды өтемеуі және жаңа ауыр қылмыс жасағаны үшін бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.

Сотталушы 20,8 кг бекіре тұқымдас балықты заңсыз сақтап, мемлекетке 10,7 миллион теңге көлемінде ірі залал келтіргені үшін кінәлі деп танылған болатын. Алғашқы үкімде оған бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, мемлекет пайдасына 9,7 миллион теңге залал өндіру міндеттелген.

«Алайда, прокурор үкімнің қылмыстың ауырлығына сәйкес келмейтінін алға тартып, апелляцияға өтінішхат жолдады. Апелляциялық сот үкімді қайта қарап, сотталғанның бұрынғы қылмысы үшін жазасын өтеп жатқан кезде жаңа қылмыс жасағанын ескерді. Оның түзелу жолына түспегені және келтірілген шығынды өтемегені ескеріліп, сот шешімі өзгертілді. Нәтижесінде, сотталушы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылып, сот залынан қамауға алынды», - делінген хабарламада.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.