TikTok-та құмар ойын ұйымдастырған 2 астаналық блогер сотталды
Олар жалпы сомасы 34 млн теңге заңсыз табыс тапқан
Блогерлер TikTok әлеуметтік желісінде құмар ойындарын ұйымдастырғаны және өткізгені үшін сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Астана қаласы прокуратурасының хабарлауынша, сот үкімімен елорданың 2 тұрғыны Қазақстан Республикасының ойын бизнесі туралы заңнамасында белгіленген орындардан тыс жерлерде құмар ойындарды ұйымдастырғаны және өткізгені үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
«Кінәлі деп танылған тұлғалар TikTok әлеуметтік желісінде «Зарик» атты құмар ойын өткізді. Ойынның шартына сәйкес, тікелей эфирге қосылған азаматтар 500-ден 4000 теңгеге дейінгі мөлшердегі белгіленген соманы ұйымдастырушының есепшотына есімін және ұтыс алу үшін жеке телефон нөмірін көрсете отырып жолдайды. Бір ойын тек екі қарсыластың арасында өтеді. Бәс тігудің жеңімпазы 3 ойын текшесін айналдыру арқылы анықталып, жеңімпаз атанады», - деп жазылған хабарламада.
Құмар ойын ұйымдастырушылар жалпы сомасы 34 млн теңге заңсыз табыс тапқан.
Үкім заңды күшіне енді.
Айта кетерлігі, Қазақстанда онлайн-кредитке тыйым салуға петиция жарияланды.