Қылмыстық топ мүшелері 600 қап алтын ұрлап кетті (ВИДЕО)

Azattyq Rýhy

19 заңсыз цех жойылды

Жамбыл облысында алтын ұрлаумен және заңсыз өндірумен айналысқан қылмыстық топтар ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Шілде айында Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлінісінің қызметкерлері «Алтыналмас» АҚ «Ақбақай» комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар кенді ұрлауға қатысы бар адамдарды ұстады. Ақбақай, Мойынқұм, Бірлік кенттерінде 11 заңсыз ұсақтау цехы табылды», - деп хабарлады ІІМ.

Онда кен мен тастарды өңдеуге арналған арнайы жабдық, алтын, қаражат, сондай-ақ 9 атыс қаруы мен мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді.

Сонымен қатар, «Қаракөз» карьерінің аумағында заңсыз кен іздеушілердің 2 бригадасы ұсталды. 17 адам заңсыз кен өндіріп, шахталарға кірген. Олардың бәрі әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Бұдан басқа, арнайы іс-шараларды өткізу кезінде «Ақбақай» комбинатының аумағынан құрамында алтыны бар 600 қаптан астам шикізатты ұрлау фактісі анықталды. Оған комбинаттың бұрынғы қызметкерлерінің қатысы болған. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Комбинаттың қауіпсіздік қызметімен бірге ұсталғандардың басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі», – деді ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Айта кетерлігі, биыл бірнеш өңірде құрамында алтыны бар материалды қайта өңдеу бойынша 19 заңсыз цех жойылды. Ондаған тонна кен тәркіленді.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.