Павлодарда бюджет қаражатын жымқырған бухгалтер мен шаруашылық меңгерушісі сотталды
Прокурор сотталушының екеуіне де 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады

Павлодар қаласының № 2 соты қысқартылған тәртіпте адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, өзінің қызметтік бабын пайдаланып, бөтеннің мүлкін иемдену, яғни жымқыру фактісі бойынша ірі және аса ірі мөлшерде бірнеше рет жасалған қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар қаласы № 2 сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Соттың анықтауы бойынша, 2022 жылдың қаңтарынан бастап 2024 жылдың наурызына дейінгі кезеңде «Павлодар қаласындағы № 4 бөбекжай-бақшасы» МҚКК бухгалтері Б.А. осы бөбекжай-бақшасының шаруашылық меңгерушісі Б.Ж.-мен алдын ала сөз байласып, өзінің қызметтік бабын пайдалана отырып, есептік-төлеу туралы тізімді заңсыз жасау және өзінің банктік шотына және шаруашылық меңгерушісі Б.Ж.-ның банктік шотына заңсыз ақша аудару жолымен бюджет қаражатын жымқырған, сонысымен мемлекетке жалпы сомасы 41 миллион теңгеден астам мөлшерде материалдық залал келтірген», - делінген хабарламада.
Осымен тоқтамай, осыған ұқсас қылмыстық схеманы пайдаланып, Б.А. 2023 жылдың қыркүйегі мен 2024 жылдың мамыры аралығында «Павлодар қаласының №7 бөбекжай-бақшасы» МҚКК-ның бухгалтері болып қызмет атқарып, жалпы сомасы 5 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.
Сондай-ақ, Павлодар қаласында болып қашықтықтан жұмыс істеп Аққулы ауданындағы «Қызғалдақ» бөбекжай-бақшасының бухгалтері бола тұра, 2023 жылдың желтоқсаны мен 2024 жылдың мамыры аралығында жалпы сомасы 7 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған.
Прокурор сотталушының екеуіне де 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілердің өкілдері жазаны соттың қалауы бойынша тағайындауды, талап қоюларды толық көлемде қанағаттандыруды сұрады. Сотталушылар кінәларын мойындап, өкініп, бас бостандығынан айырудан басқа жаза тағайындауды сұрады.
«Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті, өз қызметтік бабын пайдаланып, аса ірі мөлшерде жымқырғаны үшін (ҚК 189-б. 4-б., 2)т.) заңда негізгі жаза ретінде жеті жылдан он екі жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайларды - кінәсін толық мойындауды, шын жүректен өкінуді, оң мінезделуін, келтірілген зиянды ішінара өтеуді, Б.А.-ның бес жас баласының болуын ескере отырып, Б.А.-ны мемлекеттік ұйымдарда 5 жыл мерзімге бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырумен, Б.Ж.-ны 5 жыл мерзімге мемлекеттік ұйымдарда қаржылық жауапкершілікке байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырумен, әрқайсысына 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады», - делінген хабарламада.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.